Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде соңғы бір жылда тұрғын үйді жалға алу бағасы орта есеппен 13 пайызға қымбаттаған. Бағаның өсуі елдің барлық өңірлерінде байқалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ең жоғары өсім шамамен 43 пайыз көрсеткішпен Павлодар қаласында тіркелген. Одан кейін Петропавл, Ақтөбе және Өскемен қалалары тұр. Ал баға көрсеткіштері ең аз өзгерген Қонаев пен Көкшетау қалалары. 

Мамандардың айтуынша, бағаның күрт өсуі тұрғын үй ұсынысы тапшы өңірлерде байқалған. Мұндай аймақтардың көпшілігінде жалдамалы тұрғын үй нарығы шағын, ал сұраныс күн сайын артып келеді. Бұған ауылдардан қалаларға көші-қон, сондай-ақ Қазақстан бойынша шетелдік студенттердің көптеп келуі әсер етіп отыр. Осындай жағдайда пәтер иелері жалға беру ақысын күрт көтеріп жібереді. 

Алматы қаласының тұрғыны Гүлмира Әлімқұлова екі бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Жалға алу ақысына қоса, ол барлық коммуналдық қызметтерді де өзі төлейді. Тұрғынның айтуынша, жуырда пәтер иесі жалдау құнын бірден 80 мың теңгеге көтерген.

«Қыркүйекте қоңырау шалып, барлық жерде баға өскенін айтты: «Өздеріңіз де көріп отырсыздар, қазір бағалар мүлде басқа. Бағаны көтерейік» деді. Ол жалдау ақысын 250 мың теңгеге дейін көтеруді сұрады. Бұрын 170 мың еді. Пәтердің аумағы шамамен 42 шаршы метр. Ас үйі – бар болғаны 6 шаршы метр, шағын. Жөндеуі де ескілеу. Коммуналдық қызметтерге айына шамамен 15-20 мың теңге кетеді. Оған қоса интернетке тағы 15 мың теңге төлейміз», дейді ол.

Орта есеппен Қазақстанда пәтер иелері бір шаршы метр үшін 5 мың теңгеден жоғары ақы сұрайды. Ең қымбат жалдамалы тұрғын үй әлі де Алматы қаласында. Одан кейін Астана, Қарағанды, Петропавл және Шымкент қалалары келеді. Ал ең арзан пәтерлерді Тараз бен Түркістанда жалға алуға болады.

Мамандар тұрғын үйді жалға алудың ең тиімді уақыты – жаздың басы екенін айтады. Ал күзге қарай, әдетте, студенттердің көптеп келуіне байланысты жалдау бағасы қымбаттайды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!