«AMANAT» партиясының қолдауымен «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш республикалық марафон-бәйге басталды. 100-ден астам шабандоз Қазақстанның киелі жерлерін аралап, елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты басып өтеді.

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов «Ұлы дала жорығы» республикалық ат марафонының басталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты.

Ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Біздің бабаларымыз Ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған. Бүгінгі ұрпақ – сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Шын мәнінде, қазақ пен жылқы егіз ұғым. Арғымақ атты халқымыздың символы деуге болады. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ Қазақ даласын көктей өтіп, қасиетті Түркістан қаласына ат басын тірейді. Бұл – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Еліміздің әрбір өңірінен марафонға 1 командадан қатысады. Марафонға қатысушыларға Ұлы Дала рухын сезінуге және түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!