Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралардың пакеті ұсынылды. Оларды іске асыру мақсатында көші-қон саясатының алдағы 5 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы шеңберінде республикада шетелдіктер үшін ерекше жағдайды көздейтін бағалы дағдылар мен инвестициялық виза үшін арнайы визалар енгізу көзделеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жаңа тұжырымдама шеңберінде Қазақстан үшін тапшы және жиі тартылатын кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік маманды тартудың тетігі көзделеді.
Бұл кәсіби мамандардың міндеті – білім трансфері және өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлау болады.
Олар үшін тұруға ықтиярхаты бар «Бағалы дағдыларға арналған виза» енгізіледі және қазақстандық кадрларды озық даярлау үшін үнемі жаңартылып отыратын бағалы дағдылар рейтингі (тапшы кәсіптер мен мамандықтар) жасалады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жаңа тұжырымдама жобасында бизнес-иммиграция тәсілдері өзгертіледі.
ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, Қазақстан экономикасына бір мезгілде 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық және іскерлік визалар алу шарттарын қайта қарау ұсынылады.
«Инвестициялық виза» 10 жыл тұруға рұқсат береді. Виза иесі бизнесті тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қаржы операцияларын жүргізуге мүмкіндік алады.
Бұл Қазақстанға жылына, әсіресе креативті индустрияны дамыту саласында 100-ге дейін бизнесмен-инвестор тартуды неғұрлым нақты мақсатқа айналдырады.
Бұдан басқа білім иммиграциясын дамыту мақсатында тұжырымдамада мыналар көзделеді:
– шетелдік жетекші білім мекемелерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту және қос дипломды білім беру практикасын одан әрі дамыту арқылы елдік білім беру инфрақұрылымын кеңейту;
– сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушыны және сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту.
Бұл ретте шетелдік ғалымдар мен оқытушылар үшін тұруға ықтиярхат, ал кейіннен Қазақстан азаматтығын алу құқығын бере отырып, ұзақ мерзімді (10 жылға дейін) «Ғылыми-педагогикалық визалар» болады.
Осы стратегиялық міндетті іске асыру еліміздің жоғары мектеп пен ғылымның беделін, азаматтарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін арттыруға және, сайып келгенде республикамыздағы адами капиталдың инновациялық дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!