2026 жылы Қазақстанда 850-ден аса запастағы офицер әскери қызметке шақырылады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңы аясында жүзеге асырылатын бұл шара Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын арттыруға және әскери резервті қалыптастыруға бағытталған», – деп жазылған хабарламада.

Үкімет қаулысына сәйкес 700 запастағы офицер Қарулы күштерге, 80 офицер Шекара қызметіне, 64 офицер Ұлттық ұланға және 15 офицер Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.

Олар авиация, инженер, артиллерия, радио-техника, әскери-тасымалдау, медицина, тыл, ақпарат және барлау бағыттары секілді ең қажет әскери мамандықтар бойынша шақырылады.

Сонымен қатар, денсаулығы жарамды 29 жасқа дейінгі запастағы офицерлер шақырылады, ал медициналық мамандықтар бойынша бұл шек 32 жасқа дейін белгіленген.

Қызмет атқару кезінде олар ақшалай үлеспен, тұрғын үй немесе тұрғын үй төлемдерімен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!