Фото: Пресс-служба Qazaq oil
Sputnik. Қазмұнайгаз жанар-жағармайды талонмен алады деген ақпартты жоққа шығарды. Компанияның мәліметінше, мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті.
Компания Атырау мұнай өңдеу зауытынан жанар-жағармайдың кестеге сай жөнелтіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын алу жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонна жабдығының ішкі құрылғыларын модификациялау және өзге де жұмыстар атқарылып жатыр. Қысыммен жұмыс істейтін құралдарды тексеру мен қадағалау жөніндегі іс-шаралар жалғасуда», – деп жазды Қазмұнайгаз.
Компанияның мәліметінше, энергетика министрлігінің кестесіне сәйкес бензин, дизель отыны, сұйытылған газ, авиаотын және басқа да мұнай өнімдері тұрақты әрі жүйелі жөнелтіліп жатыр.
Қазіргі күні зауыт резервуары паркінде мұнай өнімдері қорының көлемі:
- автобензин — 10,9 мың тонна;
- дизель отыны — 4,1 мың тонна;
- авиаотын — 2,4 мың тонна;
- сұйытылған газ — 100 тонна.
«Қазіргі кезде Атырау мұнай өңдеу зауыты күніне орта есеппен 1,1 мың тонна автобензин, 1,2 мың тонна дизель отынын жөнелтіп отыр. Батыс Қазақстан облысының мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензиннің 2,7 мың тоннасы сақталып тұр. Жолда шамамен 1,29 мың тонна өнім бар. АИ-92 жалпы көлемін мұнай базасындағы және жолдағыны ескерсек, өңірде барлығы 3,98 мың тонна бензин бар, бұл шамамен екі апталық қорға тең», – деп жазды компания.
Сондай-ақ ішкі нарықта тұрақты жағдайды сақтап тұру үшін басқа мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармай материалдарының жекелеген түрлерін өндіру көлемі ұлғайтылған.
Атап айтқанда, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нен және «ПҚОП» ЖШС-нен (Шымкент МӨЗ-і) күніне орта есеппен автобензин — 4,2 мың және 7,4 мың тоннадан, дизель отыны — 7 мың және 5,5 мың тоннадан жөнелтілген. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын алу жұмыстары 2024 жылдың қазан айының соңында дейін аяқталып, кәсіпорын тұрақты технологиялық режимге шығады деп жоспарланып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!