Қазақстанда жемқорлардың туыстарының мүлкін тәркілеу ұсынылды. Бұл олар мүліктің заңды жолмен алынғанын дәлелдей алмаған жағдайда қарастырылады. «Кеңейтілген тәркілеуге» негіздеме көрсетілген хатты бас прокурор Берік Асыловқа Мәжіліс депутаты Марат Башимов жолдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл туралы Башимов Facebook-парақшасында жазды.

«Жақында Мәжілісте ақшаны жылыстатуға қарсы маңызды заң жобасы бірінші оқылымға шығарылады. Оған ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы қаржылық шараларды әзірлеу тобы – еск.) халықаралық ұйымы ұсынған 100-ге жуық түзету мен құқықтық нормалар енгізілді. «Кеңейтілген тәркілеу» институты еліміз үшін аса маңызды. Мұндай көлемде ұрлық әлемнің ешбір елінде болмаған. Сондықтан осы мәселе бойынша Бас прокурор Берік Асыловқа қолдау көрсету туралы хат жолдадым», – деді депутат.

Башимовтың айтуынша, әлемнің барлық дерлік елінде ФАТФ ұсынымдары заңнамаға енгізілген, алайда Қазақстанда бұл процесті «барлық деңгейдегі лоббистер, әсіресе олигархтар» тежеп отыр.

«Қазір бұл норма болмағандықтан және активтер үшінші тұлғаларға аударылып қойғандықтан, көп адам жауапкершіліктен сытылып кетіп жатыр, олардың мүлкі толық тәркіленбейді. Ал сотталған адам алаңсыз «отырады», себебі үшінші тұлғаларға, туыстарына, көңілдестеріне жазып берген дүниесін ешкім алмайтынын біледі. Ертең сол активтер мен ақшаның қызығын көреді», – деп түсіндірді депутат.

Кеңейтілген тәркілеу тек адамның мүлікті заңды жолмен алғанын дәлелдей алмаған жағдайында ғана қолданылуы мүмкін.

«Мынадай механизмі ұсынылады: қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған тұлға қалған мүлкін заңды жолмен қалай иеленгенін дәлелдеуі керек. Егер дәлелдей алмаса, ол тәркіленуге жатады», – деп түсіндірді Марат Башимов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!