13 наурыздан бастап Қазақстанда әуекомпанияларға қатысты ережелер өзгерді. Енді рейске шамадан тыс көп билет сатылғаны үшін сізді ұшаққа отырғызыудан бас тартса, тасымалдаушыға айыппұл салынуы мүмкін. Бұл тек халықаралық емес, ішкі рейстерге де қатысты. Tengritravel.kz заң қалай жұмыс істейтінін және овербукингке тап болсаңыз, қайда шағымдануға болатынын анықтады.
Овербукинг деген не?
Овербукинг халықаралық әуекомпанияларында кеңінен қолданылады: олар әдейі борттағы орын санынан көп билет сатады, себебі кейбір жолаушылар келмейді деп болжайды. Алайда барлық жолаушы рейске келсе, кейбірін төленген билетіне қарамастан отырғызбай қояды. Мұндай тәжірибе жолаушылардың қатты наразылығын және күйзелісін туғызады, әсіресе мереке және демалыс күндері.
Қазақстанда овербукинг мәселесі соңғы екі жылда өзекті бола түсті, кейбір әуе компаниялары ел ішіндегі танымал бағыттарда осы тәжірибені қолдана бастады. Төленген билеттері болса да, жолаушылар ұшып кете алмай, уақыттары мен қаражатын жоғалтады.
Заңда не айтылған?
Көлік министрлігі бұл үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 571-бабы «Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу» қолданылатынын түсіндірді.
«Жолаушыларды тасымалдау қағидаларының 5-тармағына сәйкес, сатылатын билеттер саны әуе кемесінде бар нақты жолаушылар орындарының санынан аспауы тиіс», – деп хабарлады министрлік.
Енді жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әуекомпанияларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін (2025 жылы бұл 196 600 теңге).
Егер жолаушы билеті болғанына қарамастан рейске отырғызылмаса, билеттің қолданылу мерзімі әуекомпанияның бос орын бар ең жақын рейсіне дейін ұзартылуы тиіс.
Овербукинг қалай тіркеледі?
Отырғызудан бас тарту дерегі әуекомпания мен әуежайдың ресми құжаттарымен расталады.
«Дәлел ретінде әуекомпанияның отырғызудан бас тарту туралы актісі, отырғызуға жіберілген және жіберілмеген жолаушылардың тізімдері, тіркеу жүйесі мен отырғызу парақтарының деректері болуы мүмкін. Сондай-ақ жолаушылардың жазбаша өтініштері, куәгерлердің айғақтары және әуежай деректері ескеріледі», – деп нақтылады министрлік.
Жолаушылар қайда жүгіне алады
Егер жолаушы төленген билеті болғанына қарамастан рейске отырғызылмаса, ол шағым беруге құқылы:
- Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне;
- Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне, соның ішінде E-otinish порталы арқылы.
Шағымды жазбаша немесе электронды түрде беруге болады. Оған билет, отырғызу талондары, әуекомпания хаты және құқықбұзушылықты растайтын басқа да құжаттарды қоса беру ұсынылады.
Өтінішті қарау мерзімі – ол түскен күннен бастап 15 жұмыс күні.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!