Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға балл жинау жүйесін енгізу ұсынылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен жол қауіпсіздігі жөніндегі үйлестіру кеңесінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ құқық қорғау құрылымдарының өкілдері жол апаттарының негізгі себептерін талқылады. Асыловтың айтуынша, еліміздегі жол-көлік оқиғаларының басты себебі — жол қозғалысы ережелерін сақтамау.
Оның айтуынша, апатқа кінәлі жүргізушілердің 81 пайызы бұған дейін бірнеше рет ЖҚЕ бұзған. Мәселен, ШҚО-да бір жүргізуші бір жыл ішінде 32 рет ереже бұзып, оның 13-і – жылдамдықты арттыру деректері. 8 қаңтарда қарсы жолаққа шығып, салдарынан өзі және екі жолаушы қаза тапты. Мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанады.
Бас прокурор жүргізуші куәліктерін беру процесін қатаң бақылауға алып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою керек екенін айтты.
Балл жүйесі қалай жұмыс істейді?
Генпрокуратура қайталанатын заңбұзушылықтарды жүйелі түрде алдын алу үшін цифрлық тіркеуге негізделген жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін баллдық есепке алуды енгізуді ұсынды.
«Бұл тәртіпті жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді уақытылы анықтауға және оларды көлік жүргізуден шеттетуге мүмкіндік береді. Баллдың шекті деңгейіне жеткен жүргізушілер емтихандарды қайта тапсыруға жіберіліп, бұл дайындық сапасы мен жолдағы тәртіпті арттырады», – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұл қадам жүргізушілерді дайындау сапасын жақсартып, жолдағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!