Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов бастаған бірқатар халық қалаулысы елімізде жыныс ауыстыруға заңмен тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сәйкес 21 жасқа толған, психикалық мінез-құлқында ақау жоқ жандар жынысын ауыстыруға құқығы бар. Алайда, «жыныстық сәйкестендіру бұзылысы бар адам» ұғымының өзі қандай да бір бұзушылықтың барын көздеп отыр. Бұл адамдарда физикалық ауытқулар болмағандықтан, бұзылыс психикасында немесе мінез-құлқында деп болжауға болады. Тиісінше, психикалық немесе мінез-құлық аспектілері бұзылған адамның сау денесіне гормоналды және хирургиялық ота жасауды ақтауға болмайды», – деп Магеррам Магеррамов Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдай отырып.

Осы орайда М.Магеррамов Үкімет басшысынан келесі сауалдарға жауап беруін сұрады:

1. Егер сіз ер адамнан әйелді, ал әйелден ер адамды хирургиялық түзету арқылы жынысын ауыстыруға жол берсеңіз, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын қалай жүзеге асырып отырсыз?

2. Мінез-құлқында, психикасында бұзылулар бар жандар неліктен хирургиялық жолмен емделеді?

3. Жынысты ауыстыру бойынша қанша ота жасалды? Олардың ішінде қанша адам жынысын кері қайтаруға ниет танытты?

4. Бүгінде қанша адам жынысын ауыстыруға өтініш берді?

5. Мұндай манипуляциялар негізгі медициналық принциптер мен ұлт денсаулығына кері әсер етпей ме?

«ҚКП фракциясы жынысын ауыстыруға рұқсат беру бөлігінде заңнама өзгергенге дейін осы манипуляцияға тыйым салуды талап етеді», – дейді Мәжіліс депутаты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!