ҚР Ұлттық банкі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша есептеудің жаңа кезеңін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 ҰЛТТЫҚ БАНК

Қазақстан Ұлттық Банкі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарына кезекті қаржы аударылатынын хабарлады.

ЦИФРЛАР

Бағдарлама аясында әр балаға 129,38 АҚШ доллары бөлінді. Барлық балаға төленген жалпы сома – 888,8 млн АҚШ доллары. 2024 жылдың аяғында бағдарламаға қатысушы бала саны 6 921 035 болды.

АЛҒАШҚЫ ТӨЛЕМДЕР

Еске салайық, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы алғашқы төлемдер 2024 жылы түскен еді. Ол кезде әр балаға 100,52 АҚШ доллары бөлінген. Бұл қаражат – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 18 жасқа толмаған балаларға аударатын міндеттемесі.

ҚОСЫМША ТАБЫС

Жыл сайынғы аударым мөлшері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтеріне және оның ұзақмерзімді инвестициялық табысына байланысты болады. Қаражаттың жартысы осы табыстан бөлінеді. Сонымен қатар, балалардың шотына аударылған қаражат Ұлттық қордың инвестициялық портфелінде сақталып, қосымша табыс әкеледі.

Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде әр балаға жалпы 232,94 АҚШ доллары жинақталды. 2025 жылғы 31 қаңтарда осы ақпаратты eGov mobile мобильді қосымшасынан және kids.enpf.kz сайтынан алуға болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!