Қазақстандық блогерлерге әлеуметтік желілерде ұтыс ойынын өткізудің заңсыздығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында блогерлерге лотерея өткізуге болмайтынын ескерттік деді.

Шенеунік заңбұзушылықтарды анықтау үшін интернет кеңістігі тәулік бойы бақыланады деп сендірді.

«Жыл басынан бері мониторинг барысында 1870 интернет-алаяқтық фактісі анықталды.Оның ішінде 389 факті әлеуметтік желіде болса, 1480 ресурс пен сілтемеге кіруге шектеу қойылған. Онлайн-казино қызметі бойынша 8616 жағдай анықталды, оның 6399-ы әлеуметтік желілерде, 2195 интернет-ресурстар мен сілтемелерге шектеу қойылды.», – деді ол.

Вице-премьер оператор өткізетін лотереялардан басқа лотереяларды ұйымдастыруға тыйым салатынын еске салды. Қазақстанда лотерея өткізу құқығы 15 жыға «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамына берілген.

Құмар ойындар мен лотереяларды реттеу комитеті заңсыз лотереяларды ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тартады. Тәртіп бұзушылардың табысы тәркіленіп, 7,8 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.

2024 жылдың ақпан айынан бері 113 адам жауапкершілікке тартылып, айыппұлдың жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асты.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров блогерлердің табысы мен өткізетін лотерея ойындарын қатаң бақылауға шақырған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!