Zakon.kz. Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік ғылыми ұйымдардың,сондай-ақ мемлекеттік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының мемлекеттік тапсырысты орындайтын ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі түзетулер жобасын әзірледі.

Қолданыстағы еңбекақы төлеу қағидаларын жаңа редакцияда бекіту ұсынылып отыр.

Ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мақсатында жоба арқылы еңбекақы жүйесіне бірқатар жаңашылдық енгізілген.

Атап айтқанда, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлердің лауазымдық айлықақысын есептеу коэффициенттері қайта қаралды.

Қаржыландыру түрлері бойынша коэффициенттер ұлғайтылды:

  • гранттық қаржыландыру бойынша – 2,0-ден 2,5-ке дейін;
  • бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша – 2,15-тен 2,65-ке дейін.

Нәтижесінде аталған қызметкерлердің лауазымдық айлықақысы 25 пайызға артады.

Министрлік мәліметінше, ғылыми дәрежеге, ғылыми атаққа берілетін үстемақылар мен жетістіктер үшін төленетін қосымша ақыларды есептемегенде, еңбек өтілі жоқ кіші ғылыми қызметкердің жалақысы 432,2 мың теңгені құрайды. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасының жетекшісі, бас ғылыми қызметкер, 25 жыл және одан жоғары еңбек өтілі бар профессордың жалақысы 1 396,9 мың теңгеге жетеді.

Сонымен қатар ғылыми қызметкердің жетістіктері үшін жаңа қосымша ақы түрі енгізіледі. Ол белгіленген жетістіктер шкаласы бойынша жиналған балл санына қарай 47,5 мыңнан 522,5 мың теңгеге дейін төленеді.

Бағалау бес көрсеткіш негізінде жүргізіледі:

  • соңғы 5 жылда жарияланған мақалалар, монографиялар және қорғау құжаттары;
  • соңғы 5 жылда жоғары оқу орындарында кемінде бір пәнді немесе жалпы көлемі кемінде 3 кредит болатын бірнеше пәнді оқыту;
  • соңғы 5 жылда Қазақстанда философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі берілген кадрларды даярлау;
  • соңғы 5 жылда ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін өндіріске енгізудің расталған нәтижелері.

Құжат Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы 30 шілдедегі нұсқамасын орындау мақсатында әзірленген.

Түзетулер жобасы 2026 жылғы 16 ақпанға дейін көпшілік талқылау үшін «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында орналастырылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!