Sputnik. Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашыла бастады, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.

Қазіргі уақытта тіс ауруларының алдын алу кабинеттері 150 мектепте ашылды. Жыл соңына дейін тағы 90 кабинет ашу жоспарланып отыр.

Ал 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинетін іске қосу көзделіп отыр. Бұл бастама оқушы саны мыңнан асатын ірі білім беру ұйымдарын қамтиды.

«Ең алдымен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған мектептерде ашылуда. Ашылған кабинеттерде оқушыларға алдын алу бағытында стоматологиялық көмек көрсетіледі, ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау жүргізіледі және санитарлық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастырылады», – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты күшіне енді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл стандартта алғаш рет тұз бен қанттың мөлшеріне шектеу белгіленді.

Оқу-ағарту және денсаулық сақтау министрліктерінің бастамасы өткен оқу жылынан бастау алған. Сол кезде мектептегі тамақ сапасына бақылау күшейтілді. Жаңа талаптарға сәйкес, күн сайын мәзірдің дайындалу сапасын тексеруге мектеп мейірбикелері де тартылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!