KAZINFORM – Ұлттық банк 2024 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктерге және банктік емес жекелеген айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 1,7 тонна 47 395 өлшемелі құйма сатқан. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

2024 жылы құймалар көп сатылған өңірлер: Алматы (32 735 дана, 69%), Шымкент (5 200 дана, 11%) және Қарағанды (2 209 дана, 5%).

Халыққа арналған өлшемелі құймаларды сатып алу және сату Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі арқылы, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде қолжетімді.

2024 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері кері сатып алуды ескергенде, халыққа жалпы салмағы 2,5 тонна 71 106 құйма сатты. Бағдарлама іске қосылғалы жалпы салмағы 7,9 тонна болатын 222 680 алтын құйма сатылды. Халық арасында сұранысқа ие құйма салмағы – 10 г. Жалпы сатылған көлем ішінде оның үлесі 25% – 54 875 дана. Одан кейін 5 грамдық құйма – 49 145 дана (22%), 100 грамдық құйма – 47 943 дана (22%), 20 грамдығы – 40 843 дана (18%) және 50 грамдық құйма – 29 874 дана (13%), – делінген хабарламада.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғаныш қорабы сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!