Әскерде қызмет ету мерзімін 6 айға азайту ұсынылды. Запастағы әскери Байғали Тілек әскерге шақырылғандардың 1 жыл бойы әскери борышын өтеуден бас тартып, бұл қызметті басқаша құруын ұсынды.

«Әскери міндетті азамат Отан алдындағы борышын тылдық мамандықтар бойынша – 18 ай, ал майдан мамандықтары бойынша   24 ай міндетті түрде өтеуі қажет. Бірақ бұл мерзім бірден өтелмейді: 3 сатыға ажыратылады. Тыл қызметінен әскери қызметке ішінара жарамсыз азаматтар өте алады, өткісі келмесе, 200 АЕК (612 мың теңгедей) армия салығын төлеуге тиіс. Қалғандары келесі әскери қызмет сатыларынан өтуі шарт: бірінші фаза 6 айға созылады. Оған бастапқы әскери даярлық, жаттығулар, қару түрлерінен атып үйрену, әскери техникамен танысып  жүргізу сияқты «жас жауынгер курсы» кіреді. Бұл америкалық  Вasic combat training  сияқты болуы қажет: онда drill sergeant, яғни нұсқаушы-сержанттар ақырып, жаңа шақырылған жас сарбаздарды ұдайы тыным таптырмай қуалап, бойындағы бар арам терін шығарып, шымыр етеді. Сонда небәрі 6 ай ішінде қарқынды жаттығулар арқасында бұл жігіттер қажетті әскери даярлықтан өтеді, соғыс жүргізу тактикасын, әскери өнерді үйренеді», – деді Байғали Тілек.

Әйтпесе, тұтас жыл он екі айға шақырылған жауынгерлер «дух» пен «піл» болып, «аталар» мен «дембельдердің» тапсырмасын орындап, жайқалып жүргенде, көп ештеңе үйренбейді. Тіпті, танк, БМП жүргізбек түгіл, автоматты қалай шашып, жинауды дұрыс білмей оралатындардың бар екені жасырын емес. Ал НАТО жүйесінде, соның ішінде АҚШ-та солдаттарды даярлау бейбіт емес, соғыс жағдайындағыдай қуатты қарқынмен жүргізілетінін жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!