Фото: Ru.freepik.com
Елімізде ипотека рәсімдеудің шарттары өзгереді. Енді бастапқы жарнаны көбірек төлеген азамат үшін ипотекалық несиенің ставкасы әлдеқайда төмен болмақ. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі алғашқы құйған ақшаға қарай сараланады. Мысалы, пәтер құнының 30%-ын бірден өтедіңіз екен, ставка 10-15% көлемінде белгіленуі мүмкін. Бірақ бөрікті көкке атып қуанудың қажеті жоқ деді сарапшылар. Себебі бастапқы жарна өскен сайын, пәтер алу да қиындай түседі.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мұны естігенде қазақстандықтар жаппай қуанды. Өйткені пайыз төмендесе, бір ғана Отбасы банкке қарап отырған мыңдаған тұрғын баспаналы болады. Алайда Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі әлі дайын құжатты ұсынған жоқ. Тек жаңа тәртіпке сәйкес, жарнасы 30%-дан асса, мөлшерлеме азаяды деді. Осылайша, банктер үшін тәуекелді, қарыз алушылар үшін жүктемені азайтуды көздейді.
Қазақстандықтар да бірден 30%- ды төлеуге жағдайы жетпейтіндерін айтты.
Бұл бастама бір қарағанда күшті жаңалықтай көрінуі мүмкін. Алайда жарнасы 30%-ға жетпейтіндер үшін мөлшерлеме кемі 25% болмақ. Экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, демек, әсіресе әлеуметтік осал топқа үй алу арманға айналады. Өйткені қазірдің өзінде 10%-дық жарнаны жинау қиынның қиыны. Ол нарық реттеушілері жеңілдікті жамылып, жарнаны сол 30%-ға апаруды жоспарлайды деп отыр.
“Одан кейін ол тағы көтеруі мүмкін. 40%, 50% деп. Сөйтіп, жағдайы төмен адамдардың ипотека алуға мүлде үміті үзіледі. Қазірдің өзінде 10%-дың өзін алдын ала өтеу оңай емес. Сондықтан да бұл тұрғыдан қозғалыс, әрекеттер халық үшін емес, құрылыс компаниялары, банктер солардың мүддесін мүдделеу, бұрынғы байлардың онан сайын бай болуына жол ашудың әрекеті деп бағалаймын”, – дейді қаржыгер.
Ол керісінше, бастапқы жарнаны тіпті 5 пайызға дейін төмендету керек деп санайды. Тек сол кезде ғана баспана жалпыға қолжетімді болады..
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!