АҚШ-қа сәлемдеме жібермек болған қазақстандықтар күтпеген мәселеге тап болды. Пошта бөлімшелерінде жөнелтілімді қабылдамайды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мән-жайы

Telegram-ботқа оқырман хабарласып, бір айдан бері АҚШ-қа сәлемдеме жібере алмай жүргенін айтты.

«Соңғы ай бойы бірнеше рет сәлемдеме жібермек болдым, бірақ Қазақстандағы ешбір пошта бөлімшесі АҚШ-қа мұндай жөнелтілімдерді қабылдамайды. «Неге?» деген сұраққа пошта қызметкерлері нақты жауап бере алмайды. «Қазпошта» ресми сайтында да мұндай шектеулер туралы ақпарат жоқ», – деп жазды ол.

«Қазпошта» не дейді?

«Қазпошта» баспасөз қызметі Tengrinews.kz сауалына берген жауабында, шектеу АҚШ тарапынан енгізілгенін түсіндірді.

«Қазпошта» АҚ» хабарлайды: АҚШ-тың шекаралық-кеден қызметінің 2025 жылғы 26 тамыздағы шешіміне сәйкес, АҚШ-тағы алушыларға тауар салынған сәлемдемелерді қабылдау және жеткізу уақытша тоқтатылады. Хаттар мен құжаттарды жіберу әдеттегі тәртіппен жалғасады», – деп мәлімдеді компания.

Ұлттық пошта операторы жаңа ережелердің әлемдегі көптеген елге қатысты екенін нақтылады. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік пошта одағына мүше 192 елдің ішінде небәрі бес мемлекет қана АҚШ-қа тауарлық сәлемдемелер жібере алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!