Фото: Pixabay.com

Енді қазақстандықтар мемлекеттен алған жалдамалы пәтерлерді сатып ала алады. Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында жалдамалы баспанада тұратын 10 мыңға жуық отбасының пәтерді жекешелендіруге мүмкіндігі бар. Жаңа заң президентке жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматылық Әйгерім Әбдешова жаңа заң жобасын құптайды. Ол былтыр жаңадан пайдалануға берілген жалдамалы тұрғын үйге көшіп келген. Әзірге жеке баспанасы жоқ тұрғын тұрып жатқан үйін жекешелендіре алатынына риза. Өйткені күнкөріс мәселесі тұрғанда баспанаға қаржы жинау қиын дейді.

“Біз келгенде жалдамалы пәтерде ешқандай дүние-мүлік болмады. Барлығын өз қалтамыздан сатып алуға тура келді. Оның бәрі ақша. Декретте отырған жас мамандар 3 жыл отырады. Олар сол 3 жылда декретке шығып, күйеуіне көмектесемін дегенше жалдау уақыты бітіп қалады. Бізге осы үйді сатып алуға мүмкіндік болса, жақсы болар еді”, – деді Алматы тұрғыны Әйгерім Әбдешова.

«Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баспанасы апатты деп танылған азаматтар жаңа қонысын алмай ескісін босатып бермейді. Сондай-ақ мемлекеттік және әскери қызмет кезінде қаза тапқан жандардың отбасына бір жылда баспана беру көзделіп отыр. Тұрғын үй нарығындағы сарапшы Ерболат Мыңғышпан да бұл бастаманы қолдайды. Ол өзгерістің нарыққа еш әсер етпейтінін айтады. Керісінше, пәтер бағасы төмендейді дейді.

“Олар нарыққа сұраныс жасамайды. Сондықтан нарықтағы бағаға әсерін тигізбейді. Керісінше, сұраныс деңгейі азайып кеткендіктен, тіпті осы бағдарлама ертең кәдімгідей күшке еніп, жанданса, келешекте үйдің бағасын төмендетуге де әкеп соғуы мүмкін”, – деді сарапшы Ерболат Мыңғышпан.

Заң жобасы президентке қол қоюға жіберілді. Күшіне енген соң, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы арқылы үкіметтен пәтер алған 51 мың адам тұрып жатқан үйлерін сатып ала алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!