Қазақстанда интернет-трафик тұтыну көлемі екі есе өскені тіркелді. Бұл туралы 2025 жылғы 21 қазанда Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда цифрлық салаға 1 триллион теңгеден астам инвестиция салынған.

«Бүгінде елде 20 миллионнан астам мобильді және 3,7 миллион тұрақты байланыс абоненті бар. Интернеттің орташа жылдамдығы 94 Мбит/с құрайды. Ағымдағы жылы интернет-трафик тұтынуының айтарлықтай өскені байқалады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе артады деп күтілуде», – деді Мәдиев.

Ол сондай-ақ саланың дамуы 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқанын еске салды.

«2027 жылдың соңына дейін халықтың 100%-ын интернетпен қамту, интернет жылдамдығын 100 Мбит/с-тен жоғары деңгейге жеткізу және ауылдық елді мекендердің 90%-ына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланып отыр», – деп қосты министр.

Айта кетейік, бұған дейін, 20 қазанда, Жаслан Мәдиев Қазақстанда жасанды интеллект арқылы бет-әлпетті танитын бейнемониторинг жүйесі әзірленіп жатқанын хабарлаған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!