Елімізде 21 мамырдан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алу үшін өтінімдер қабылдау басталады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, республика бойынша бірінші лекте 4500 адамға қайтарымсыз грант беріледі. Оның мөлшері 400 АЕК (1 572 800 тенге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

«Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,— делінген хабарламада.

Өтінім беру тәртібі:

– порталда тіркелу;

– грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

– бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

– өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!