Қазақстаннан көшіп кетушілер азайғанымен, әлі де теріс сальдо сақталып отыр. Ranking.kz ресурсы осындай тақырыппен материал жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға 4,1 мыңнан астам адам көшіп келген. Бұл былтырғы кезеңнен екі есе көп. Дегенмен 3 айда 5,3 мың адам көшіп кеткен. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4,3%-ға аз. Қазақстаннан көшіп кетушілер саны кейінгі екі жыл қатарынан азайып келеді»,- деп жазылған материалда.
Өңірлер арасында Қарағанды облысынан ең көп адам шетелге көшкен – 681 тұрғын. Одан кейінгі орындағы Қостанай облысынан 645 адам, Павлодар облысынан 643 адам тұрғылықты елін ауыстырған.
«Алғашқы тоқсанда көшіп келушілердің ең көп саны Маңғыстау облысында тіркелді – 1,3 мың адам. Былтырғы кезеңмен салыстырған 3,5 есе көп. Үздіктер үштігіне Алматы қаласы (595 адам) мен Алматы облысы (401 адам) енді. Елден кеткендердің ең көп бөлігі Ресей Федерациясын таңдаған – 4,1 мың адам (былтырғыдан 7% аз). Сондай-ақ, 617 адам Германияға, 125 адам Польшаға, 89 адам АҚШ-қа, 57 адам Беларуске қоныс аударды»,-деп жазады Ranking.kz.
Ал елге келушілердің негізгі көші Өзбекстаннан бағыт алыпты – 2 мыңнан астам адам. Бір жыл бұрын олардың саны 500-дің айналасында ғана болған.
Екінші орында Ресей Федерациясынан келгендер тұр. Ranking.kz.-тің мәліметінше, алғашқы 3 айда елге 810 ресейлік көшіп келген.
Алғашқы бестікте Түркіменстан, Қырғыз Республикасы және Қытай бар.
Бұған дейін астана полицейлері 27 маусымы мен 4 шілде аралығында ғана көші-қон заңнамасын бұзған 98 шетел азаматын елден шығарғанын хабарлаған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!