Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Қазақстанда криптовалютаны ресми түрде сатып алуға және сатуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқанын мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банк өкілі түзетулер екі негізгі бағытты қамтитынын атап өтті.

“Бірінші блок – құқықтық мәртебесін анықтай отырып, цифрлық қаржылық активтерді іске қосу.

Екінші блок – криптоайырбастау қызметтерін жеткізушілерді лицензиялау арқылы қамтамасыз етілмеген криптовалюталар айналымын реттеуді енгізу”, – деді Шолпанқұлов Ұлттық банкте өткен брифинг барысында.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк нарық қатысушыларына жаңа цифрлық технологиялар мен қызметтерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін арнайы алаң әзірлеп жатқаны мәлім болды.

Айта кетейік, мұндай өзгерістер туралы бұған дейін цифрлық даму бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин айтқан еді. Ол 2025 жылдың соңына қарай цифрлық активтер нарығы мөлдір, заңды, түсінікті болатынын мәлімдеген.

Ең алдымен, цифрлық активтерді жеткізушілер – криптовалюталарды сақтайтын, айырбастайтын және сататын компаниялардың жұмысы жеңілдетіледі. Мұндай компаниялардың барлығы «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелуі керек. Сол жерде криптовалюталарды айырбастайтын пунктер ашылады. 

Жеке тұлғалар, яғни қарапайым азаматтар цифрлық активтерді Халықаралық қаржы орталығының лицензиясы бар цифрлық қызмет жеткізушілерінен де, Ұлттық банктің лицензиясы бар криптоайырбастау орындарынан да сатып алып, сата алады.

Бұл мемлекетке криптовалютаны кім және қалай саудалайтынын көруге көмектеседі. Сол арқылы ақша қозғалысы жақсырақ бақыланып, капиталды заңсыз шығарудан қорғайды.

Бұл өзгерістер майнингке де әсер етеді. Ірі майнинг компанияларына өз электр станцияларын салып, электр энергиясын өз күшімен өндіруге рұқсат берілмек. Сол арқылы олардың жұмысы тұрақты және табысты болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!