Фото: Kazinform

2024 жылғы қаңтар-маусым айларында ішкі көші-қонда 688 мың адам тіркелді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті, – деді Қазақпарат.

«2024 жылы сыртқы көші-қонда оң динамика байқалады. Көші-қонның оң сальдосы 2 жыл бойы сақталып келеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы +7,3 мың адамды құрады. Елге 14 мың адам келіп, 7 мың адам көшіп кетті. Елдердің бөлінісі бойынша көші-қон өсімі негізінен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері мен Қытай Халық Республикасына тиесілі», – деді А.Ертаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында

Сонымен қатар ол білім деңгейі бойынша да оң сальдо қалыптасқанын, яғни елімізге білімді адамдар көбірек келгені байқалды. Бұдан басқа, техникалық мамандықтар бойынша +686 адам, педагогикалық мамандықтар бойынша +215 адам, экономикалық мамандықтар бойынша +203 адамды құрайтын оң сальдо қалыптасты.

«Ішкі көші-қонға тоқталсақ, ел аумағында қоныс аударушылар саны былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе өсті (01.07.2023 ж. – 397 мың адам, 01.07.2024 ж. – 688 мың адам). 2024 жылғы қаңтар-маусым айларында ішкі көші-қонға 688 мың адам қатысты. Оның ішінде облысаралық қоныс аударуда 307 мың адам тіркелді. Мегаполистер ішкі мигранттарды тарту орталықтары болып қалып отыр (50%). Мәселен, осы кезеңде Астана қаласына тұрақты тұру үшін 64 мыңнан астам адам, Алматы қаласына 60 мың адам, Шымкент қаласына 31 мың адам көшіп келді», – деді вице-министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!