Құнарлы астың қадірін білетін қазаққа қазір бәрі даяр. Кезінде тек «шетелде болады» деген дүниенің бәрі дастарханнан табылған соң, ұлттық ас – қымызға да сұраныс азайған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың 11 айында Қазақстанда қымыз өндірісі 9,2 пайызға төмендепті. Мәселенің мән-жайын аймақтағы еңбек адамдарымен бірге талқылауды жөн көрдік. 

Қазақ үшін қымыз − дертке дауа, жанға қуат сусын. Десек те, қымыздың соңғы жылдардағы өндірістегі көлемі көңіл көншітпейді. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-қараша айында еліміз бойынша 1520 тонна қымыз өндірілсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 154 тоннаға артық өндірілген екен. Жыл сайын нарықтағы жаппай сатылымнан қалып бара жатқан қымыз өн­дірісінің қазіргі күйі осындай.

Әдетте ұлттық дүниені түгендеп, қазақы дәстүрдің бұрынғы қалпын іздегенде есімізге алғаш болып ауыл адамдары түседі. Кейде олардың да жаңа ғасырда өмір сүріп жатқанын ұмытып, «неге ауыл адамдары жылқы бағып, бие байламайды» деп кінәлайты­нымыз жасырын емес. Расында бұл айыптау орынды ма? Төрт түлік бабын бір кісідей білетін шалғайдағы Қаратерең ауылының тұрғыны Нұрдаулет Каримовтен жылқы бағудың жайын сұраған едік. Аңғарғанымыз, қымыздың бабын табу да бірталай күш қажет етеді.

− Шаруа адамына бие ұстау оңай жұмыс емес. Біріншіден, оның жайылымдық жері мен жем-шөбі дайын болу қажет. Себебі бие де, құлын да ерекше күтімді талап етеді. Бие басы көбейген сайын оны жайлайтын уақытың да ұзара береді. Мысалы бес бас биеге таңертеңнен кешке дейін бір адам қараса, он бас биеге екі-үш адамның қол көмегі керек болады. Одан бөлек биені азанғы сағат 08.00-ден бастап әрбір екі сағат сайын сауып отыру керек. Негізінде наурыз айынан тамызға дейін бие ұстап, саумал алуға болады. Саумалды жылы жерге қойып, ашытып күнделікті күбімен бір-екі сағаттай пісіп отыру қажет. Сонда екі-үш күн ішінде қымыз бабына келеді, − дейді Н.Каримов.

Бірақ қаладағы «Балқаймақ» орталығының қызметкері Индира Сәдуақасова бұл пікірмен келіспейтінін айтады. Мәселе биенің бабында емес, халық сұранысының аздығы мен қымыз бағасында болып тұр дейді маман. Әрі аймақ халқының денсаулығы қымызды «көтере» алмайтын көрінеді.

− Біз тұтынушылар арасында «сүт өнімдерінің қайсы түрін таңдайсыз?» деген сауалнама жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде аймақ тұрғындарының басым көпшілігі шұбатты таңдаған. Себебі өңірде түйе шаруашылығы жақсы дамығандықтан, шұбат қолжетімді әрі тұрғындар шұбатты ағзаға жеңіл, сіңімді ас санайды. Ал қымыз өндірісінің баяу дамуына бірнеше себеп бар. Бірақ бие сауу айтарлықтай қиындық тудырады деп айта алмаймын. Өйткені ол сиыр сауғаннан әлдеқайда жақсы. Сиыр сүтінде бактерия мөлшері сәл көбейсе, ашып немесе іріп кетеді. Ал саумалда мұндай қиындық болмайды, себебі саумал бір-екі күн тұрып ашыса да әрі қарай қымыз жасауға болады. Сондықтан қымыз өндірісінің дамымауына биенің бабы емес,  халық сұранысының аздығы әсер етуде деп ойлаймын. Өз тәжірибемізден байқағанымыз, жаз мезгілінде бие байлайтын шаруа адамдары саумалды өткізетін жер таппай жүреді. Себебі тұрғындар тарапынан сұраныс болмаған соң орталықтар саумалды қабылдай қоймайды. Сауалнама барысында тұрғындардан «не үшін қымызды таңдамағанын» да сұрадық. Сол кезде көпшілігі қымыздың қан қысымына әсер ететінін айтқан. Демек қымыз аймақ халқының денсаулығына да қолайлы болмай тұр. Қымыз ішкенде адам бойына қан жүгіріп, қан қысымы жоғарылайды. Әрі қымыздың қан қоюлығының алдын алатын қасиеті бар. Алайда қан қысымына әсер етеді екен деп қымыздан бас тартудың қажеті жоқ, өйткені бұл сусынды тұрақты ішкен уақытта қан айналымы жақсара түседі.

Шымкентте шұбат өндірісі аз болған соң, олар қымызды жиі ішеді. Бір жағынан сусын ретінде, екіншіден кәсіп ретінде табыс тауып отыр. Олар қымыз құятын күбісін киікотымен ыстап, әбден баптап үйренген. Бұрын әжелеріміз «қымыздың жанынан әр адам өткен сайын төрт жүз реттен пісу керек, сонда оның жаны кіреді» деп айтып отыратын. Демек қымыздың дәмі оның бабына қарайды. Аймақта қымыз өндірісінің баяулауына әсер ететін екінші себеп – баға. Қазір орталықта бір литр қымыз мың теңгеден сатылуда. Көпшілік бұл бағаны қымбатсынып, шұбатты таңдайды, − дейді И.Сәдуақасова.

Қымызтанушы Айтуған Мұқашевтің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 1950 жылдан 1980 жылға дейін қымыз жан-жақты зерттеліп, емге пайдаланылған екен. Тіпті бүкіл аурухана қымызбен емдеуді жолға қойған. Ал емдік қасиеті ерекше сусынның нарықта болмауына кәсіпкер мынадай факторды алға тартады: «Бизнесті дамыту үшін әуелі ғылыми институт (менеджерлік кеңсе) болуы шарт. Тауар шықпай тұрып, бірінші маркетингтік қызметтер атқарылу керек. Ол затқа сұраныс бар ма? Бір телефон үлгісін жасап шығармай тұрып, әуелі оның жарнамасы кетеді. Бәлен миллион сұраныс болса, сол дүниені шығара бастайды дамыған елдер. Ал қазақтың қымызы жарнамадан жұрдай» дейді ол отандық басылымға берген сұхбатында. Бұл да көңілге қонымды пікір.

P.S. Жоғарыда қымыз өндірісінің қысқаруына ықпал ететін факторларды атап өттік. Қымызы болса да, оны көпке қолжетімді қылатын  өндірісі жоқ қазақтың жайы қынжылтады, әрине. Бірақ аталған себептер алдағы уақытта жолға қойылса, нарықта қымыздың дәурені жүреді деген сенім бар бізде.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!