«Бәйтерек» холдингі тұрғындардан қой жүнін жинау ісін қаржыландырады. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жүйелі шараларын пысықтады. Олар Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсібін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасына енгізілген. Осы жол картасы аталған холдинг арқылы ауыл шаруашылығы жануарларының жүні мен терісін жинау жөніндегі дайындаушы ұйымдарды қаржыландыруды көздейді. Бұл шаралар Қой шаруашылықтарынан және тұрғындардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыруға бағытталған», – деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.

Ал жүн мен тері дайындаумен айналысатын кәсіпорындарға қой қырқуға арналған электр құралдарды сатып алғаны үшін субсидия төленбек.

«Бұл ретте, инвестициялық субсидиялау шеңберінде жүн мен тері дайындау жөніндегі ұйымдарға мемлекеттік қолдау ретінде жүн қырқу пунктерін, жылжымалы қырқу пунктерін, қой қырқуға арналған электромеханикалық құралдарды субсидиялау көзделгенін атап өткен жөн», – деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында тері мен жүнді тереңдетіп өңдеу мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына беру неге мүмкін емес екенін түсіндірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!