Фото:e-history.kz
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерей тойына орай Абай облысында арнайы онкүндік ұйымдастырылды. Онкүндіктің алғашқы күнінде Семей қаласындағы «Бейбітшілік аралы» этноауылында «Асыл мұра» атты облыстық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті.
Ұлттық қолөнерді жаңғыртуды , өңір шеберлерінің әлеуетін танытып, шығар машылықты қолдауды мақсат еткен шараға Абай облысының түкпір-түкпірінен қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер, волонтерлер мен қала тұрғындары қатысты. Ұлттық дәстүр мен қолөнерді ұлықтаған шарада өңірдің үздік 45 қолөнершісі өз туындыларын көпшілікке ұсынып, шеберлікпен жасалған бұйымдарын таныстырды.
Фестиваль аясында көрермендер өңірдің үздік қолөнершілерінің туындыларын тамашалап, шеберлермен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Ш а р а н ы ң ашылу салтанатына Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай қатысты.
– Қолөнер – ұлттың жаны. «Асыл мұра» фестивалі арқылы біз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл құндылықты қайта жаңғыртып, шеберлеріміздің еңбегін елге танытуды мақсат еттік. Сондай-ақ Абай облысының қолөнершілері шілде айында Алматыдағы «Аламан құрақ – 2025» жобасына белсене қатысып, 30 шеберіміздің бір мезетте құрақ көрпе жайып, «GLOBAL BOOK OF RECORDS» кітабына енуге үлес қосқаны – зор мақтаныш, – деді Олжас Соғымбай.
Фестиваль аясында дәл осы «Аламан құрақ – 2025» жобасына қатысып, ел көлеміндегі рекордтық шарада өнер көрсеткен барлық 30 шеберге арнайы алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар байқау жеңімпаздары келесі номинациялар бойынша марапатталды: «Үздік ұлттық бұйым», «Көрермен көзайымы», «Жас шебер», «Абай мұрасын бейнелеген үздік туынды» және арнайы шығармашылық номинациялар. Байқау қорытындысы бойынша түрлі номинация иегерлеріне 200 мың теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Сондайақ байқауға белсене қатысқан азаматтар да назардан тыс қалмай, 50 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапатталды.
– Бұл байқау біз секілді шеберлер үшін үлкен шабыт көзі. Өз қолыңмен жасаған дүние лайықты бағасын алып жатса, ол ең үлкен марапат. Осындай алаңдар арқылы ұлттық өнерімізді танытып, жастарға үлгі бола аламыз, – деп өз әсерімен бөлісті Ақсуат ауданынан қатысқан Ардақ Айтқазина.
Сондай-ақ байқауда ерекше өнерімен көзге түсіп, үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Қарауылда өтетін ауқымды мәдени ісшараға арнайы жолдама табысталды. Бұл – олардың еңбегі мен шығармашылығына берілген лайықты баға әрі Абай рухына арналған тағылымды жиынға қатысу мүмкіндігі.
Үшінші мәрте өткізілген фестиваль өңірде дәстүрлі өнердің дамуында ерекше орын алатынын көрсетті. Шара соңында шеберлер мен көрермен жылы лебізімен бөлісіп, алдағы уақытта мұндай шығармашылық кездесулер жиі өткізілуін тіледі.
Бұл күні сондай-ақ Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «ЕсАймақ» орталығында «ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталының ресми ашылу рәсімі өтті. Аталған шараның мақсаты – Абай мұрасын заманауи форматта жүйелеп, цифрландыру арқылы оны халықаралық деңгейде қолжетімді ету. Портал Абайдың әдеби, ғылыми және музыкалық мұрасын бір орталықта шоғырландырып, әлемнің кез келген нүктесінен ашық әрі еркін қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен IT-мамандар қатысты. Қатысушылар порталдың жұмысымен танысып, оның мүмкіндіктері мен болашақтағы даму бағыттары жайлы пікір алмасты.
Абай облысының мәдениет,
тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!