Фото: Kazinform
Қонаев қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі 2025 жылдың жоспарымен бөлісті, деп жазады KAZINFORM.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласына 1 млрд 87 млн теңге көзделіп отыр. Оның ішінде АӘК төлеу, тұрғын үй көмегі, мұқтаж жандарды гигиеналық жабдықтармен қамту, жәрдемақылар, біржолғы әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету, азаматтардың жекелеген санаттарын қоғамдық көлікте жеңілдікпен, тегін жол жүру түрінде әлеуметтік қолдау сияқты бағыттар қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін пәтерлер сатып алынады.
Одан бөлек қала әкімдігі инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасатынын хабарлады.
10-шы шағын ауданда учаскелік полиция пунктін салуға, қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау пунктін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Қала көшелеріне 35 дана аялдама орнатылып, ағымдағы жөндеу жасалады. Сонымен қатар жолаушылар тасымалдау шығындарын субсидиялауға 335 млн 624 мың теңге бөлінді, – деп хабарлады Қонаев әкімдігі.
Сондай-ақ қала басшылығының мәліметінше, биыл 60 пәтерлік 9 тұрғын үй мен 50 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталады.
Жыл жоспарына сәйкес қала биыл 55 жылдық мерейтойын атап өтіледі. Сонымен қатар «Қонаев әуендері» ансамблін құру жоспарланған. Дене шынықтыру және спорт орталығының қызметін қамтамасыз етуге 23 млн 468 мың теңге бөлінген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!