Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттер балалардың психикалық дамуына жағымсыз әсер ететін ойыншықтарға қойылатын талаптарды әзірлеуге келісті, деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігі.

Мамандар «Психологиялық-педагогикалық қауіпсіздік» талаптарын әзірлеуді ұсынды. Себебі нарықта қорқынышты, күш көрсету белгілері бар, гибридті және тағы басқа балалардың психикалық дамуына жағымсыз әсер ететін ойыншықтар көбейді. Ал психологтардың айтуынша, ондай қорқынышты ойыншықтар зорлық-зомбылық пен агрессиямен байланысты ойын сюжетін тудырады.

«Ойыншықтарға арналған қолданыстағы техникалық регламентте тек материалдарға, токсикологиялық-гигиеналық және микробиологиялық көрсеткіштерге, физикалық және механикалық, химиялық және электрлік қасиеттерге, радиациялық қауіпсіздікке қойылатын талаптар ғана белгіленген. Осылайша нарықтан қорқынышты ойыншықтарды алып тастау мүмкін емес», – дейді мамандар.

Мәскеуде ЕЭК кеңесінде қазақстандық сарапшылар бұл мәселені қарастыру үшін ойыншықтың балаға кері әсерін анықтайтын өлшемдерді белгілейтін стандарттар қажет екенін жеткізді.

«Балалардың физикалық және психикалық денсаулығын қалыптастырудың маңыздылығы күмән тудырмайды. Қазақстан 2015 жылы ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізу үшін техникалық регламентке өзгерістер енгізуге бастамашы болды. Ол кезде мұндай ойыншықтардың баланың психикасына жағымсыз әсер ету критерийлерін айқындау стандартының болмауына, ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігіне байланысты құжат қолдау таппады», — деді денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.

Оның айтуынша, ойыншықтардың баланың психикасына кері әсер ету критерийлерін айқындау стандарты дайын болғаннан кейін қолданыстағы техникалық регламенттерді өзгерту керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!