2025 жылғы 13 мамырдағы Үкімет отырысында Қызылорда облысында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын (АЭА) құру туралы шешім қабылданды.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – аэрохабтарды дамыту, әуежайлардың, автомобиль магистральдарының инфрақұрылымын жетілдіру.
Осы бағытта Қызылорда қаласындағы халықаралық әуежайдың жаңа терминалына іргелес 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылады. Бұл бастама – өңір экономикасын әртараптандыруға, мұнай өндірісіне тәуелділікті төмендетуге және жаңа өндірістік бағыттарды қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам.
АЭА құрылымына авиацияға қызмет көрсету, көтерме-бөлшек сауда, қоймалау және сақтау, сондай-ақ, өнеркәсіптік аймақтары кіреді. Арнайы экономикалық аймақта құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, көлік-логистика, технологиялар мен инновациялар салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Атап өту қажет, АЭА құрудың белгіленген қағидаларына сәйкес, 28 экономикалық қызмет түрінің тізбесі келісілді.
«Қорқыт Ата» АЭА құрылуы – инвестиция тартуға, өндірістік қуатты арттыруға және Қызылорда облысының экспорттық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!