Қостанай облысындағы орман өрттеріне байланысты «Басаман орман шаруашылығы мекемесінің» басшысы қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қостанай облысының прокуратурасы биылғы жылдың 13 қыркүйегінде «Басаман орман шаруашылығы мекемесі» КММ-нің басшылығына қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын (ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) бастады.

Сол күні мекеме басшысы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

15 қыркүйекте сот мекеме басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді», – делінген Қостанай облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.

Мәлім етілгендей, тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!