Фото: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым
Қостанай облысының Торғай ауылында ұлы ақын әрі «Алаш» қозғалысының қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды KAZINFORM «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Парламент депутаттары және қалың жұртшылық қатысты.
Мереке аясындағы маңызды оқиғалардың бірі — «Ұлы дала жорығы» Республикалық ат марафоны. Осылайша, 5 күнде еліміздегі 13 өңірдің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің намысын қорғайтын командалардағы 90 шабандоз Тобыл-Торғай даласын дүбірлетіп, 500 шақырым қашықтықты жүріп өтеді.
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов құттықтау сөзінде «Ұлы дала жорығының» өткізілуі — ұлттық спорт түрлері жанданып келе жатқанының жарқын дәлелі екенін мәлімдеді. Ол халқымызға көптеген көрнекті мәдени және қоғам қайраткерлерін тарту еткен қасиетті Торғай жерінде ат марафонын өткізудің символдық мәнін айрықша атап өтті. Олардың арасында Міржақып Дулатұлы ерекше орын алады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлетіні белгілі. Ел Президентінің қолдауымен былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ойдағыдай өтті. Ал қазір Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ауқымды ат жарысы мен ақынның шығармашылығына назар аударуға мүмкіндік беретін өзге де көптеген іс-шара өткізіліп жатыр. Қазақ халқының ұлы перзенті де атқұмар, саятшы болғаны, жирен қасқа Алакөз атын жанындай қастерлегені мәлім. Шабандоздарды тарихи орындарды басып өтетін тартысқа толы ұзақ жол күтіп тұр. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін, — деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері ұлттық спорт түрлерін қолдау бағытында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Елордада Ұлттық спорт университетінің іргетасы қаланды, Ақтөбеде жылқы шаруашылығы институты ашылды. Былтыр ел Президенті отандық жылқылардың тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша арнайы заңға қол қойды. Соған сәйкес, жылқыларды, соның ішінде атақты Қостанай тұқымын сұрыптау бойынша жүйелі жұмыс басталды. Игі іске «AMANAT» партиясы да өз үлесін қосып келеді. Мәселен, осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған және қоғамның үлкен қызығушылығын оятқан «Ұлы дала жорығы» сынды жобаларға қолдау көрсетіп жатыр.
Биыл алғаш рет ат марафонына Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» командасы қатысады. Өз өнерін шабандоздар осы жылы атап өтілетін ҚХА-ның 30 жылдығына арнады.
Осы күні Торғай топырағы еліміздің үздік ақындары бас қосқан республикалық ақындар айтысының алып сахнасына айналды. Ақындар сайысы нағыз өнер мерекесіне айналып, көзіқарақты көрермен Міржақып Дулатұлының мол мұрасын жаңа қырынан таныды.
Айта кетейік, мерейтойлық іс-шаралар аясында Қостанайда Міржақып Дулатұлының ескерткіші ашылды, ал Торғайда ақын әрі ойшылдың мұрасына арналған ғылыми конференция өтті. Депутаттар мен қоғам белсенділері Бидайық ауылындағы ақынның шағын отанында орналасқан мұражайға барды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!