«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының жаңа бастамалары жастардың ой санасын жетілдіруде үлкен септігін тигізуде. Әсіресе ауыл жастарының талантын оятуда орталықтың тың жобалары жүйелі жұмыс атқарып, креативке жол ашуда.
Орталықтың жетекшісі Әліби Басаровтың бастамасымен жастар үшін тегін курстар қарастырылып, тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін аспаздық, тігінге баулу, тіл білуге машықтану секілді курстарды ақысыз орталықтан үйреніп шығуға мүмкіндік бар. Оның үстіне арнайы психолог маман жастарға керек кеңесін ұсынып келеді. Бүгінде жаңа кадрмен толыққан орталықтың басты міндеті – ауылдық жастармен және техникалық бағытта қызмет көрсететін жас мамандармен тікелей жұмыс істеу. Олармен етене танысып, бетпе-бет кездесу. Мәселесіне үңіліп, шешімін табуға бірлесе атсалысу.
Жақында орталыққа сүйіншілейтін жағымды жаңалық жетті. «Jastar belgisi» атауымен сапа белгісі өз жұмысын жүйелендіріп, жастарға сапалы қызмет көрсететін және одан әрі дамуға ынтасы бар жастар орталықтарының үздіктерін анықтады. Жалпы сапа белгісі 3 жүйені қамтиды. Үздіктер алтын белгіге ие болса, сапалы қызмет көрсетіп, жастардың алға жылжуына сеп болғандар күміске, жүйелі жұмыс жүргізіп, жоғары қызмет ұсынғандар қолаға ие болады. Алғашқысына лайықты жастар ресурстық орталық табылмады. Ал күміс сапа тек Павлодар мен қызылордалық «Qosyl-ға» бұйырды. Бұл қала жастарының елімізде белсенді әрі динамикасының жоғары екенін байқатады.
Расында «Qosyl» жастар орталығының күміс сапаға лайықты жүйелі жұмыстары жетерлік. Мысалы, қызықты байқаулар жастардың ой өрісін дамытады. Биыл қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығын кәсіптік техникалық бағыттарда қызмет ететін мамандарға беруді ұсынып, жаңа саланың көшбасшыларын анықтауға бет бұрды. Соның бірі – аспазшылар байқауы. Орталықтың орамды ісі байқау арқылы жастарды жұмыспен қамту көзделген. Сайысқа тіркелген 42 қатысушы үш кезең бойынша бақ сынады. Финалға үздік деген 14 қатысушы өтіп, аспаздық және кондитерлік бағыттар бойынша жарысқа түсті. Нәтижесінде үздіктер топ жарып жүлделі орындарға ие болды. Сайысқа қатысқан 5 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар «Самғау» сыйлығының аясында «Жас тас қалаушылар» мен «Жас дәнекерлеушілер», «Жас тігіншілер де» байқуаға атсалысуда. Жоба аясында алдағы уақытта жас электриктер және жас автомеханиктер байқауларын өткізу жоспарлануда.
Трендте тұрған мобилография мамандығының қоғамда маңыздылығы жоғары. Биыл «Qosyl-дың» бастамасымен смартфон арқылы бейнеге жан бітірітен жастардың фестивалі өтіп, жеткіншек саланың дамуына серпін сыйлады. Фестивалге Қыран Талапбек қатысып, 300 ге жуық жасқа тегін дәріс берді. Мобилографияның атасына баланатын Қыран Талапбек тың бастамаға жоғары бағасын берген еді.
– Шынымды айтсам, Қызылордада республикалық фестиваль өткізу туралы ой жиі келетін. Кез келген салада міндетті түрде бір мықты қызылордалықты көруге болады. Тіпті, бұған таңданысымды жасыра алмаймын. Мысалы, біздің командада Дубайды фэшн видеолары арқылы бағындырған Әбу бар. Қызылордада ұйымдастырылған фестиваль әрі байқау ретінде өтіп, оған 70-тен аса қатысушыдан 100-ден аса видео келді. «Менің қалам» деген мерекелік тақырыптың өзі ерекше. Қатысушылар қала күніне орай Қызылорда туралы креативті бейнероликтер түсіріп, бақ сынасты. Үздік шыққан үштікті анықтадық. Алайда байқауға келген өзге де туындыларға тарихи бояу жетіспеген сияқты. Сыр өңірі тарихымен ерекше екенін ескеру қажет. Қала әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқанын естігенде қуанып қалдық. Әкімдік тарапынан маңызды саланы, жастарды қолдау керек-ақ. Фестиваль өткізу туралы ұсыныс айтып, шараны басынан аяғына дейін ұйымдастырған «Qosyl» қалалық жастар орталығының жұмысы мені әрдайым қуантады, – деп Қыран орталықтың ерекше форматына тоқталған еді. Шынында бір фестиваль арқылы қаланың әдемі видеолар базасы жаңарды, кәсіпкерлер жас мобилографтармен танысып, оларға вакансия ұсынды. Қызылордада мобилографтардың ортасы қалыптасып үлгерді.
Қыранның «Qosyl-ды» ерекше форматта жұмыс істейді деп бағалауы бекер емес. Өйткені «Qosyl» жастар орталығының тұрақты жобаларына айналған «Qosyl acoustic» шығармашыл жастардың ән кеші, «Qoldau» волонтерлер тобының жұмыстары күміс сапаны алуға септігін тигізіп тұр. Енді сапа белгісін иемденген «Qosyl» жастар орталығы «Ұлттық жастар орталықтарының лигасы» құрамына кіріп, басқаларға үлгі болады.
Бақсақ, ұйымдастырылатын шараға жастар мәжбүрлі түрде қатысады. Тіпті өтетін жиынның жай-жапсары мардымсыз болғандықтан қатысушылардың ынтасы болмайтыны жиі кездеседі. Мұны бүгінгі басқосулардан айқын аңғарып жүрміз. Ал қалалақ жастар ресурстық орталығында бұл жүйе қалай жүзеге асады? Бұл сауалды «Qosyl-дың» жетекшісі Әліби Басаровтан сұрап көрдік.
– Біздің іс шаралар көбіне офлайн форматта өтеді. Қазіргі жастар өте белсенді, өткізілген әрбір шарада бой көрсетуге тырысады. Біз ешкімді мәжбүрлемейміз, қайта риза болып қайтқандарын да байқаймыз. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде “Qosyl” жастар орталығы десеңіз, біз белсенді қызмет етудеміз. Әрбір шаралар туралы хабарландыру шығарылады. Көргендер ерікті түрде келіп қатысады. Бүгінде жастар арасында ұйымдастырылған қандай шара болса да өзекті. Көбіне көп отбасын құру, кәсіп бастау, өмірлік ұстанымынан айнымау өзекті тақырыптар легінде. Шара өткізгенде жастар риза болса және өздеріне керекті кішкене болсын ақпарат, көкейлерінде жүрген сұраққа жауап тапса, бастысы осы, – дейді Әліби Басаров.
Шынында қазіргі жастың көңілін табу қоғамның күрделі мәселесіне айналды. Жастар тың идеяны ұнатады, талапты да күшейткенді жөн көреді. Көңілдерінен шығу үшін көп ойланып, көп толғануға тура келеді. Әсіресе топтасып фильм көру секілді бастаманы қалайды. Биыл “Qosyl-дың” бастамасымен ең ауқымды дала кинотеатры ұйымдастырылып, 2000 мыңға жуық жастар «Қыз Жібек» фильмін тамашалады.
Жастар арасындағы өзекті мәселенің бірі жұмыссыздық. Статистиканы төмендету үшін түрлі жәрмеңкелер өткізіледі. Десек те «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін толықтай шеше ала ма? Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді көпке мәлім еткен жәрмеңке жайлы сөз қозғағанда осы сауалдың туындайтыны заңды. Статистикаға сүйенсек, биыл ұйымдастырылған жәрмеңкеде 250-ден аса қызылордалық мамандығы бойынша мекемелерге жолдама алған. Қазір нарықтың сұранысына сәйкес жұмыс табудың оңай емесін ескерсек, бұл бастаманың тиімді тұсы мол екенін көрсетеді. Жұмыссыздар арасында жастардың болуы және жыл өткен сайын олардың көбеюі қоғам үшін түйткілді мәселе екені белгілі. Осы олқылықты жою мақсатында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қабылданып, жастарға жаңа мүмкіндік сыйлағаны рас. Бұл бағдарламаға оқуын енді бітірген жас маман немесе соңғы үш жылда мамандық бойынша жұмыс істемеген жастар қатыса алады. Жастарға қолдау беріп, бағыт көрсеткен бағдарламаға биыл өзгерістер енді. Осыған дейін бастама арқылы жалақы 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілсе, енді жас мамандар 30 АЕК (91 890) теңге жалақы алатын болады. Оған қоса осы жылы бағдарлама арқылы 849 жас маманға қаржы қаралған. Бұл жәрмеңкеде ұсынылған тиімді бағдарламаның бірі ғана. «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің пайдалы тұстары және жұмыссыздық мәселесі жөнінде «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров мынадай пікір білдірді.
‒ Негізі жастарды және жалпылама тұрғындарды жұмысқа орналастырудың бірнеше құралы бар. Аталған жәрмеңке соның бірі. Біріншісі – онлайн ақпараттық жұмыс, яғни «Жұмыс бар» деген арнайы парақша арқылы бос жұмыс орындарының постерлерін шығарамыз. Екіншісі – осы жәрмеңке. Басқа құралдармен салыстырсақ, жәрмеңке тәсілі нәтижелі. Себебі мемлекеттік бағдарламалар арқылы емес, бос жұмыс орнын ұсынып отырған кәсіпкерлердің өзін тікелей шақыру арқылы жүргізіледі. Жұмыс беруші бірнеше кандидатпен сұхбат құру арқылы өзіне қажетті маманды таңдайды. Бір жағынан бұл жұмысқа іздеушіге де ыңғайлы. Азамат бірнеше жұмыс жайлы сөйлесіп, өзіне қайсысы ыңғайлы, соны таңдауына мүмкіндік бар.
Жәрмеңкеде ашық, қолайлы орта және жақсы тенденция байқалады. 60-қа жуық мекеме өкілі жұмыс ұсынып келді, соның көпшілігі бір-екі күн қалғанда хабарласты. Біз, әрине, оларды қабылдадық. Оған дейін 40-тай жұмыс ұсынушы болса, соңғы бір-екі күнде жиырма шақты мекеме хабарласып, осылайша барлығы алпыстай жұмыс беруші жинақталды, яғни бос жұмыс орын жәрмеңкесі тек жұмыссыздарға ғана емес, жұмыс берушілерге тиімді болды. Ал біз үшін жұмыссыздық мәселесінің шешілуі қуантарлық жайт. Ешкімді мәжбүрлемейміз, тек таңдау мүмкіндігі туатындай нұсқаларды ұсына аламыз. Ал таңдау еркі көбірек болғанда адам өзіне жақсыны, керекті іріктейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!