ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Құмкөл сияқты ескі мұнай кеніштерінің сарқылған қорын немен алмастыратынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнай кеніштерін жапқалы жатқан жоқпыз. Қазір біз ескі мұнай кеніштерінде қордың сарқылуына және мұнай өндіру көлемінің күрт түсуіне тап келіп отырмыз. Оның жарқын мысалы – Құмкөл кеніші. Кейінгі бірнеше жылда мұнда мұнай өндіру көлемі 12 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін қысқарды. Өкінішке қарай, мұндай құлдырау жалғасады. Кеніштердің сарқылуы – табиғи үрдіс. Теңіз кенішіндегі жобалардың бәрін аяқтап, мұнай өндірісінің көлемін қосымша 12 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр», -деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, Қашаған кенішіндегі жобаға да үлкен сенім артылып отыр.

«2026-27 жылға дейін «Қашаған» жобасының екінші кезеңін аяқтауды жоспарлағанбыз. Ең негізгісі, жер қойнауына геологиялық ауқымды зерттеу жүргізу қажет. Үкімет те оны қарастырып жатыр. Өйткені ресурс базасын тек жаңа кеніштер есебінен ғана толықтыруға болады. Бірақ бұған уақыт керек. Мұнай мен газ кеніштерін барлау жұмыстары 5 жылдан 10 жылға дейін уақыт алады. Ескі кеніштердің бәрі сарқылып біткен кезде жаңа кен орындары дайын тұруы үшін барлауды бүгін бастап кету қажет. 2026-2027 жылдары ірі мұнай кеніштерінің ешқайсысын жабу жоспарланбаған. Тек өндіріс көлемі азая береді», – деді Болат Ақшолақов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!