Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың жеке парақшасында жарыссөзде сөйлеген сөзі жарияланды деп хабарлады turkystan.kz AtyrauPress басылымына сілтеме жасап.
Онда ол конституциялық құқы шектеліп отырғанын айтады және өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын жеткізген.
«Маған қандай айып тағылды?
Абай Құнанбаев ескерткішін жеткізуші «Балқыту» ЖШС директоры Адамовтан пара алды;
«Балқыту» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу шартын жасауға ықпал етті және жалпы қамқорлық көрсетті.
Соңғысынан бастайын. Менің Адамовпен мұндай келісім жасасуым немесе жасаспауым қаншалықты мүмкін?! Немесе бұл процеске қандай да бір түрде ықпал ете аламын ба? Әрине, жоқ! Монументтік өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібі Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы №371 бұйрығымен бекітілген қағидалармен айқындалады. Осы Қағиданың 11-тармағы бойынша императивті нысандағы жаңа құрылыс Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның оң шешімі негізінде орнатылады. Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, мен облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін, яғни 2019 жылғы 20 қарашада Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы аталған комиссия Абай Құнанбаев ескерткішінің нобайын мақұлдау туралы шешім қабылдаған. Ал мен облыстық әкімдікке қызметке 2020 жылдың 15 наурызында келдім.
Ескерткіштің мақұлданған жобасына зияткерлік құқық Нартовқа тиесілі болғандықтан, ол бұл қызметті 2019 жылғы 25 қарашада тиісті шарт бойынша Адамов басшылық ететін «БАЛҚЫТУ» ЖШС-ға береді. Осылайша, Қағида талаптарына сәйкес:
Абай ескерткішін Адамовтан басқа, дәлірек айтқанда ол басқаратын серіктестіктен басқа ешкім жасай да, орната да алмайтын еді;
Атырау қаласының әкімдігі де, облыс әкімдігі де «Балқыту» ЖШС-мен немесе басқа мердігермен шарт жасасу құқығы жоқ.
Мұндай жағдайда:
Мен Адамовтың мекемесімен шарт жасасуға ықпал еткен емеспін және ықпал етуім де мүмкін емес, яғни бұл мәселелерге заңдылық тұрғыда ешқандай қатысым болған жоқ;
Атырау қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 23 желтоқсандағы №239 қаулысымен бекітілген осы бөлім туралы ереженің 2-тармағына сәйкес мұндай шартты Атырау қаласы әкімдігінің мәдениет бөлімі жасайды, ал бұл бөлім қала әкімдігі мен қала әкімінің аппаратына ғана бағынады.
Антикордың мен Атырауға қызметке келгенге дейін тағдыры шешілген ескерткіш ісіне мені қатысты қылып көрсетуі санаға сыймайды әрі кәсіби сорақы сауатсыздық.
Р.S. Құқығыңды қорғаумен емес, өміріңді қорлаумен айналысып отырған «профессионалдардың» кесірінен кей жұртшылықтың Абай ескерткіші дегендегі ойының лайланғаны өкінішті», – деп жазды ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!