Фото: t.me/udarvkost

Франция астасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қырғызстандық боксшы тұңғыш рет төртжылдық басты доданың финалында алтын медаль үшін жекпе-жекке шығады, – деп хабарлады Қазақпарат.

Ол — 57 келі салмақта Қырғызстан намысын қорғап келе жатқан Мұнарбек Сейітбекұлы.

Қырғыз боксшысы жартылай финалда болгариялық Хавьер Диаз Иванезді 4:1 есебімен қапы қалдырып, Париж Олимпиадасының финалына шықты. 

Ал 1 тамыз күні Куба спортшысы Сайдель Хортаны жеңіп, ширек финалға өткен болатын. 

Одан кейін 4 тамызда АҚШ-тан шыққан әлем чемпионы Джамал Харвиге қарсы жұдырықтасып, тағы да жеңіске жетті.

Ал 9 тамызда Мұнарбек Сейітбекұлы Болгариядан келген қарсыласын ұтып, Олимпиада ойындарының финалына жолдама алды.

Енді ол 11 тамызға қараған түні Өзбекстанның қазіргі Азия және әлем чемпионы Абдумалик Холоковқа қарсы жекпе-жек өткізеді.

Мұнарбек Сейітбекұлы — 2017 жылдан бері Қырғызстанның ұлттық бокс құрамасының мүшесі. 

2018 жылғы студенттер арасындағы бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылғы Қырғызстан чемпионы, 2019 жылы Екатеринбургте және 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионаттарына қатысқан. 

2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Осы жеңісінен кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров спортшыға екі бөлмелі пәтер сыйлаған.

Мұнарбек Сейітбекұлы 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстанның ең үздік спортшысы атанған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!