Sputnik. Қырғыз Республикасы биыл суару маусымында Қазақстанға 600 млн текше метрден астам су жібереді, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.Суару маусымы басталған сәуір айының өзінде-ақ 45 млн текше метр су берілді.
«Сәуір айының соңынан бастап Қырғыз Республикасы Қазақстанға Талас өзені арқылы тағы 400 млн және Шу өзені арқылы 180 млн текше метр су жібереді», – деп жазылған хабарламада.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Қырғыз Республикасының министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарын пайдалану жөніндегі қазақ-қырғыз комиссиясының 35-ші отырысында осы жөнінде келісімге келді.
Бұл су Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға жұмсалады.
«Былтыр қырғыз әріптестерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында Жамбыл облысының диқандарын суармалы сумен толық қамтамасыз еттік. Мысалы, Талас өзені арқылы Қазақстанға жоспарланған 380 млн текше метрдің орнына 418 млн текше метр су келді. Ал Шу өзені арқылы 165,3 млн текше метр су келді, бұл бір жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 29,7 миллионға артық», – деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар тараптар қоршаған ортаны қорғау және су сапасын бақылау бойынша бірлескен жұмыс тобының қызметін талқылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!