Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы марқұмның қонақ асы, жетісі, қырқы және қазадан кейін 52 күнін өткізгенде де мал союға тыйым салды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап. 

Жаңа пәтуә бойынша айыр қалпақты ағайындар қайтыс болған адамның үйінде алғашқы үш күн қазан көтермейді. Бұл – онсыз да жақынынан айырылып қан жұтып отырған отбасы мал сойып, ас берумен әуре-сарсаңға түспейді деген сөз.

Мүфтияттың мәліметінше, бұл күндер үй іші үшін қаралы күн болып саналады. Ал дастархан жаю, еске алу рәсімін көңіл айтуға келген туыстары мен көршілері ұйымдастыруға тиіс.

Жаңа пәтуаға сай енді бейсенбіліктер, жетісі, жиырма күндігі, қырқы, елу екі күндігі және жылы берілген аста да төрт түлік мал союға рұқсат жоқ. Ал марқұмға бағышталып оқылатын құран күндерінде жыртыс тарату дәстүрін мүлде алып тастаған.

Көңіл айтуға келгендерге жаңа киім-кешек, орамал үлестіру де ысырапқа жатқызылып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!