Қытайдың Таншань қаласында Астанадағы LRT үшін алғашқы вагондар құрастырыла бастады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

19 дана жылжымалы құрамға тапсырыс берілген. Алғашқы пойыздар қыркүйекте Астанаға әкелінеді деп жоспарланып отыр, содан кейін оларды тестілеу басталады.

Ұзындығы 60 метрлік жылжымалы құрамдар GOA 4 деңгейіндегі автоматтандырылған бағдарламалық-аппарат кешенімен жабдықталады, ол мынадай  функцияларға ие:

  • есіктерді автоматты түрде ашу және жабу;
  • тоқтау және жылдамдату;
  • депоға кіру және шығу;
  • құрамдардың жағдайын бақылау;
  • пойыздар арасындағы қашықтықты реттеу;
  • оператордың (машинист) қатысуынсыз басқа функцияларды орындау.

Мәліметке сүйенсек, төрт секциялы құрамдар толық жүктелгенде (6 адам/шаршы метр) 600-ден аса жолаушыны сыйғыза алады.

Қытайда Астанадағы LRT үшін вагондар құрастырыла бастады
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Салондарда берік материалдар, соның ішінде органосиликат былғары мен шыны талшықты композит қолданылмақ.

Шуды азайту үшін мына элементтер қолданылады:

  • қалыңдатылған терезелер және шуды бәсеңдету элементтері;
  • диаметрі үлкейтілген дөңгелектер.

Қытайда Астанадағы LRT үшін вагондар құрастырыла бастады
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Құрамдар заманауи ақпараттандыру жүйелерімен жабдықталады:

  • сыртқы және ішкі электрон таблолар;
  • LCD мониторлар, олар қозғалыс бағытын, соңғы және келесі станцияларды, есіктердің ашылу жағын және шұғыл ақпаратты көрсетеді.

Астана қаласының ауа райына бейімдеу

Ақпаратқа сүйенсек, Астана климатының ерекшелігі ескеріліп, алдыңғы терезесі температураны реттейтін электр жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұл кенет температура өзгергенде әйнек булануының алдын алады.

Қытайда Астанадағы LRT үшін вагондар құрастырыла бастады
Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Әкімдік мәліметінше, қазір алюминий қорытпасынан жасалған корпус элементтерін дайындау және дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы жылжымалы құрамдар мамырдың соңына дейін дайын болады. Ал қыркүйекте алғашқы пойыздар жеткізілгеннен кейін тестілік сынақтар басталады.

«Тест режимінде іске қосу – пайдалануға берудің маңызды кезеңі. Бұл кезеңде барлық инфрақұрылым элементі, жылжымалы құрам және барлық жабдық тексеріледі, соның ішінде рельстердің бүтіндігі, электрмен жабдықтау жүйесі, телекоммуникация жүйелері толық зерттеледі. Сынақ барысында үлкен көлемде дерек жиналып, талданады, соның нәтижесі бойынша LRT жүйесін пайдалануға беру туралы шешім қабылданады. Алғашқы тестілік іске қосу биыл қыркүйекке жоспарланған, бұл сынақтар бірнеше айға созылады», – деп түсіндірді «City Transportation Systems» ЖШС басқарушы директоры Орынбасар Ағыбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!