Қазақстанға Қытайдан әкелінетін киім көлемі биыл айтарлықтай азайды. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елге 35,6 мың тонна киім импортталған, деп хабарлайды «Адырна«.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49%-ға төмен көрсеткіш. Бұдан да төмен деңгей соңғы рет 2020 жылы тіркелген.

Сарапшылар Қытайдан келетін киім импортының екінші жыл қатарынан қысқарып жатқанын атап өтті. Ал оған дейінгі бес жылда – 2019–2023 жылдар аралығында – бұл көрсеткіш тұрақты өсіп отырған.

Соған қарамастан, Қытай Қазақстанға киім жеткізетін ең ірі шетелдік серіктес мәртебесін сақтап келеді. Жалпы импорттың 39%-ы осы елдің үлесінде.

Импорт көлемінің төмендеуі Түркия тарапынан да байқалады. Бұл елден әкелінетін киім мөлшері бір жыл ішінде 31%-ға азайып, 8,2 мың тоннаға түскен.

Сонымен бірге, кейбір бағыттар бойынша өсім тіркелді. Атап айтқанда, Ресейден келетін киім импорты 13%-ға, Бангладештен жеткізілімдер 20%-ға артқан.

Мамандардың айтуынша, нарықтағы бұл өзгерістер сыртқы экономикалық жағдайлар мен логистикалық факторлар әсерінен қалыптасып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!