Tank 500 Black жол талғамайтын көліктерінің жанармай жүйесінен ақау табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

TANK брендінің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы Black TANK 500 жол талғамайтын көліктерін қайтарып алу науқаны жарияланғанын мәлімдеді. 

Ол 2024 жылдың қыркүйегі мен қарашасы аралығында шығарылған автокөліктерге қатысты. Кері қайтарып алуға төмен температура кезінде жанармай жүйесінде ақау шығуы себеп болған. Кейбір жағдайларда бұл қысымның өзгеруіне және жанармайдың ағуына әкелуі мүмкін. Науқанда барлығы 124 сатылған көлік қамтылған.

«Ресми дилерлер ақау пайда болған көлік иелеріне диагностика және бөлшектерді ықтимал ауыстыру үшін қызмет көрсету орталықтарына бару керегін хабарлады. Жүргізушілер дилерден хабарлама күтпей-ақ қызметке өздері жүгіне алады», – деді TANK брендінің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы.

Қазақстандық дистрибьютор жедел жөндеу үшін қажетті қосалқы бөлшектерді алып үлгерген. Барлық жұмыс тегін жүргізіледі.

Компания тұтынушылардың қауіпсіздігі мен көліктің сенімді болуы басты міндет екенін айтты. Қосымша ақпарат алу үшін  7007 тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығына хабарласу қажет. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!