Мәжіліс Қылмыстық кодекске  қалыңдық ұрлауға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын өзгерістерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Депутаттар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бапты — «Некеге мәжбүрлеу» деген атаумен толықтыруды ұсынды. Бұл әрекет үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бостандықты шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер әрекет зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағандарға қатысты, топпен немесе қызметтік өкілеттікті пайдалану арқылы жасалса, жаза мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін артады. Ал ауыр зардаптар болса, жаза бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін күшейтіледі, — деп хабарлады Мәжіліс баспасөз қызметі.

Сондай-ақ адамды ұрлап, өз еркімен босатқан тұлға да қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды.

Заң жобасы азаматты еркінен тыс аңду, хабарласуға тырысу, ізіне түсу әрекеттеріне қатысты да қылмыстық жауапкершілік енгізуді көздейді.

Абзал Құспанның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда қалыңдық ұрлау жағдайлары жиілеген, әсіресе елдің оңтүстік өңірлерінде. Кейбір жастардың келісіммен, той шығынын азайту мақсатында «ұрлаған болып» үйленетіні кездеседі. Бірақ кейде мүлде бейтаныс ер адамдар көшеден қызды көлікке күштеп отырғызып, топпен алып кетеді. Мұндай әрекеттерді дәстүрге жасырады, алайда тарихшылардың айтуынша, қазақ дәстүрінде ондай ұғым болмаған.

2019–2023 жылдар аралығында әйелдерді ұрлау фактілері бойынша 214 сотқа дейінгі тергеу басталған, бірақ оның 201-і тоқтатылған, себебі Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы (Адам ұрлау) ескертпеге сәйкес, егер ұрлаушы жәбірленушіні өз еркімен босатса, іс тоқтатылады.

Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, қалыңдық ұрлауды «масқара надандық» деп атап, оған заңды баға беруді тапсырған. Осыдан кейін Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу бастамасы көтерілген. Мәжіліс мақұлдағаннан кейін заң жобасы Парламенттің Сенатына жолданады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!