Фото: ашық дереккөзден алынды

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №522 Жарлығына сәйкес азаматтардың сұраныстарына ден қойғыш нысанына көшу мемлекеттік органдар үшін негізгі мақсат болуға тиіс.
Мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық беріледі.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Департаментпен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қатысты қызмет алушылардан келіп түскен шағымдардың негізінде жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 5 қызмет алушының және 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған тексеру жоспарына сәйкес жоспарлы тексерудің нәтижесінде 1475 қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Мәселен, Департаментпен қала тұрғынының қосымша жер учаскесін жеке кәсіпкерге заңсыз табыстау мәселесіне қатысты шағымының негізінде Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі мен Қызылорда қаласының ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне (бұдан әрі – Бөлім) сұрау салу арқылы тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында жеке кәсіпкер өзінің жер учаскесіне қосымша жер учаскесін алу үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығының (бұдан әрі – Қағида) 10-қосымшасына сәйкес «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтің
І-кезеңі бойынша қала әкімінің атына өтінішін білдірген.
Аталған өтініш негізінде Бөлім мен Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі қызметкерлерімен сұралып отырған жер учаскесіне алдын-ала таңдау актілері жасалып, Қызылорда қалалық жер комиссиясының (бұдан әрі – Жер комиссиясы) қарауына ұсынылып, Жер комиссиясының қосымша жер учаскесін табыстау туралы оң қорытындысы қабылданған.
Жеке кәсіпкермен сұратылған жер учаскесіне жасалған алдын-ала таңдау актісінде осы жер учаскесінде отбасылар тұратын жылжымайтын мүліктер бар екендігі, сондай-ақ аталған жер учаскесі осы тұрғын үйлерге қызмет көрсету үшін арналғаны жөнінде мәлімет көрсетілмегені және бұл мәліметтер Жер комиссиясына ұсынылмағандығы анықталды.
Нәтижесінде, жеке кәсіпкерге қосымша табысталған жер учаскесінің аумағында тұрғын үй құрылыстары бар екендігі жер қатынастары бөлімі мен сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерлері тарапынан ескерусіз қалған.
Себебі, жауапты қызметкерлер жер учаскесіне алдын-ала таңдау жұмыстарын жеке кәсіпкердің көрсетуі және айтуы бойынша жүргізгенін түсіндірме хатта мойындап көрсетті. Яғни, жауапты қызметкерлер жеке кәсіпкердің аталған мекенжайда орналасқан құрылыс нысандары (3 отбасы тұратын барак түріндегі құрылыс) өзіне тиесілі екендігін ауызша хабарлаған сөздерін негізге алып, құжаттарды толық зерделемей, жер учаскесіне алдын-ала таңдау актісін жасағандары анықталды.
Жеке кәсіпкердің өтініші бойынша Бөлім мен Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты қызметкерлері тарапынан Жер комиссиясына толық, нақты және дұрыс қорытынды жазылған алдын-ала таңдау актісі ұсынылмағандықтан, Жер комиссиясымен қолданыстағы заң нормаларына қайшы келетін шешім шығарылғандығы анықталды.
Бұл ретте, Бөлім мен Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің бұзылуына жол берілген.
Тексеру нәтижесімен жеке кәсіпкерге қосымша жер учаскесін табыстау туралы Жер комиссиясының хаттамалық оң шешімінің күші жойылып, 3 отбасы тұратын барак түріндегі құрылысқа қызмет көрсету үшін арналған жер учаскесі тұрғындарға кері қайтарылып, шағым білдірген азаматтың бұзылған құқықтары толықтай қалпына келтірілді.
Егер, Сіз мемлекеттік қызмет алу процесінде Заңнама талаптарының сақталмағанына куә болсаңыз, яғни мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бұзылса, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылса, артық құжаттар талап ету дерегі орын алса немесе мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бұзылса, Өзіңіздің құқығыңызды Департаментке шағымдану арқылы қорғай аласыз.

Біздің мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1.
Байланыс нөмірлері: 8 (7242) 70 56 36, 8 (7242) 70-00-40.

З. Арынова,

Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Қызылорда облысы бойынша департаментінің

Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!