Сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова Қызылорда облысының аудандарын аралау барысында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және ауыл тұрғындарын әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен танысты.
Сенаторлар Қармақшы ауданында көктемгі егіске дайындық жұмыстарының басы-қасында болып, ауыл еңбеккерлерімен жайылымдық жерлердің жетіспейтіні және суару үшін берілетін судың аздығы мәселелерін талқылады. Мұрат Бақтиярұлы бұл мәселе сенаторлардың бақылауында екенін атап өтті. Ол осы тақырып бойынша өткен айда ғана депутаттық сауал жолдап, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты Үкіметтен қажетті шаралар қабылдауды сұраған болатын.
Сенаторлар орталық аудандық аурухананың жұмысымен де танысты. Онда медициналық мекемені жаңа аппараттармен және дәрілік заттармен қамтамасыз ету, телемедицинаны тиімді пайдалану және одан әрі дамыту, сондай-ақ санавиация мәселелері көтерілді.
Сенаторлар Жалағаш ауданында болған кезде аграршылармен және дәрігерлермен кездесті. Аудандағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуде көктемгі егіс науқанына тыңайтқыштар мен субсидияларды уақытылы жеткізу мәселелері талқыланды. Сенаторлар жаңадан салынған аудандық ауруханаға барып, медицина қызметкерлері мен науқастармен де кездесті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!