Вице-премьер Қанат Бозымбаев су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен бірге Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, фермерлермен алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.

Кездесуде Сырдария өзені бассейніндегі судың аздығы туралы қалыптасып отырған ахуал талқыланды. Нарын–Сырдария каскадына келіп түсетін су көлемі айтарлықтай төмендеген. Бұл келесі жылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы қаупін тудырады.

Оның салдарын барынша азайту мақсатында Су ресурстары министрлігі су қоймаларының жұмыс режимдеріне қатысты бірнеше болжамдық нұсқа әзірледі. Су тым аз келген жағдайда ресурстарды қайта бөлу және лимиттерді түзету қажет болатын сценарийлер пысықталды.

Су ресурстары шектеулі болған жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ылғалды көп қажет ететін дақылдар алқаптарын қысқарту және құрғақшылыққа төзімді, аз су қажет ететін дақылдарды енгізу арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жалғастырып келеді.

Барлық су тұтынушылар судан тапшылық көрмеуі үшін және Сырдария өзенінің төменгі ағысында төтенше жағдай туындауына жол бермеу мақсатында Қызылорда облысында 2026 жылы күріш егістіктерінің алаңы 70 мың гектардан аспауға тиіс.

Бір айта кететіні, егіс алқаптары жыл сайын оңтайландырылып жатқанына қарамастан, орташа өнімділік өсіп келеді (2024 жылы 85 мың га алқапта гектарынан 58 центнер, 2025 жылы 80 мың га алқапта гектарынан 58,1 центнер алынды). Бұған жаңа күріш сұрыптарын енгізу және заманауи техниканы пайдалану септік етіп отыр.

Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологияларын қолданатын егістік көлемі артып келеді. Егін алқаптарында судың ысырап болуының алдын алу үшін лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл әдіс суды 20%-ға дейін үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 60 мың гектар күріш алқабы тегістелді.

Заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу тәуекелдерді азайтып, АӨК-тің орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінде бұл технологиялар республика бойынша 500 мың гектардан астам жерде қолданылуда, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін (суармалы жерлердің шамамен 70%-ы) жеткізу жоспарлануда. Аталған мақсаттарға жету үшін Үкімет кешенді шаралар қабылдауда, соның ішінде субсидиялау мәселелері де шешілуде.

2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шеңберінде инвестициялық шығындарды өтеуге бағытталған жалпы трансферттер көзделген, ал қаржыландыру көлемі 215 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

«Алдағы вегетациялық маусымда жоғарыдан келетін су көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін. Ондай жағдайда су үнемдейтін технологиялар тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдарымен қатар өсімдік шаруашылығы жүйесінің міндетті элементі болуы тиіс. Қызылорда облысының әкімдігі Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, инновациялық препараттарды қолдану үшін кемінде 100 гектар жер телімін анықтап, оларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық қолдауды қамтамасыз етуі қажет», — деді Қанат Бозымбаев.

Кездесуде фермерлерге суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз ету және су ресурстарын есепке алуды одан әрі цифрландыру үшін енгізіліп жатқан биллинг жүйесі туралы да айтылды. Бұл — фермерлерді сумен қамтудың толық циклін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа. Оның ішінде өтінім беру және келісімшарт жасасудан бастап, нақты тұтынуды есепке алу және төлем жасауға дейінгі функциялардың барлығы бар. Жүйе процестерді оңтайландырады, суды бөлу мен есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ нақты көлемдерді дәл есепке алуға мүмкіндік береді.

Вегетациялық кезең басталғанға дейін Қызылорда облысының әкімдігіне диқандар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. «Қазсушар» РМК-ға ылғалды көп қажет ететін дақылдарға бекітілген лимиттерге қатаң сәйкес келетін су беру шарттарын жасасу, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алдағы вегетациялық кезеңде «қара су нарығымен» күресті күшейту тапсырылды.

Су шаруашылығындағы ахуал өзгерген жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы вегетациялық кезеңге арналған өңірлер бойынша су тұтыну лимиттерін 2026 жылдың 1 ақпанына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдау жүктелді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2026 жылдың 1 наурызына дейін ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егістік құрылымын нақты қолжетімді суару суының көлеміне сәйкес түзету тапсырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!