Фото: Midjourney

KAZINFORM — Қызылорда облысында алғашқы жартжылдықта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайыз артты.

Бұл жөнінде облыс әкiмi Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVI сессиясы мәлім етті. 

Сессияда биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілгені айтылды.

Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 5, өңдеу өнеркәсібі 37,5, ауыл шаруашылығы 4, құрылыс жұмыстарының көлемі 35,6, тұрғын үй 3,7, көлік 3,4, сауда 3,6 пайызға артты. 

Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан кейінгі 10 жыл бойы төмендеу тенденциясы байқалып отыр. Соған қарамастан өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың қыркүйек айынан бері оң динамикаға шықты.

Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Саладағы өсу қарқыны бойынша 2022 жылы Қызылорда облысы республикада 11-орында болған еді.

Өткен жылдан бері алғашқы үштікке енді. 

«Шетелдік инвесторлардың өңірде жұмыс істеуіне қолайлы климат қалыптасқан. Сол себепті ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың 6 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайыз артты. Кәсіпкерлікті қолдауға соңғы 2 жылда (2022-2023 жылдары) 127 млрд 500 млн теңге тартылып, 12 мыңнан астам жобаға қаржы тартылды. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты. Биыл екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы саласына кейінгі 2 жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 6 айда саладағы негізгі капиталға 3 млрд 300 млн теңге инвестиция салынды. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 34 млрд 100 млн теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Аймақта 43 млрд теңгеге 300 шақырымнан астам жол жөнделеді. Жыл аяғына дейін жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 92 пайыздан асады. Электр энергиясымен қамту бағытында 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 6 пайыздан 62 пайызға төмендейді. Тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 78 пайызға жеткізіледі. Облыс халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған», — деді Н.Нәлібаев.

Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектептің, «Білімді қолдау қоры» есебінен дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернаттың құрылысы жүріп жатыр.  

Жергілікті бюджет есебінен 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. 

«ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен бой көтерген 350 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға беріледі.

«Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда. 

Нысан 2025 жылы іске қосылады. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылысы басталып, Шығармашылық академиясы бой көтере бастады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!