2022-2025 жылдары 1600 шақырым автомобиль жолдары мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-дан асты. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ОКҚ алаңында хабарлады.

«Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен барлығы 50 млрд 605 млн теңге бөлінді, ұзындығы 329 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті», – деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Оның айтуынша, жақында ғана Қызылорда-Жезқазған автомобиль жолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртылды. Арал қаласында ұзындығы 940 метр болатын аспалы көпір салынды. Жаңақорған кентіндегі темір жол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді. Қызылорда қаласындағы теміржол асты автожол құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы наурыз айында пайдалануға беріледі. Қармақшы ауданында темір жол арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады. Көлік-логистика саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

«Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілді. Жаңа терминалда халықаралық стандартқа сәйкес жолаушыларға барлық қызметтер сапалы түрде көрсетілуде. Бүгінде әуежай мемлекеттік субсидиясыз жұмыс жасауда. Жаңа терминал жылына 2 млн жолаушыны қабылдауға мүмкіндігі бар. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. Облыс орталығындағы темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті», – деді облыс әкімі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!