Фото: CC0 / Isaín Calderón /

Мамандар пікірінше мұнда өткен ғасырдағы ислам ғалымдарының пәтуасы болуы мүмкінСыр елінен тарихқа тіл бітірер қолжазбалар табылды. Мамандар пікірінше мұнда өткен ғасырдағы ислам ғалымдарының пәтуасы берілген. Бұл туралы олар Астанада ұйымдастырылған «Ғасырлар руханияты» көрмесі барысында айтты, деп хабарлайды Sputnik.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Қолға түскен қолжазба көшірмесі шетел ғалымдарының да қызығушылығын арттыруы мүмкін.

«Бір-екі қолжазбаны аударғанымызда бұл ғалымдардың пәтуасы болып шықты. Күнделікті тұрмыста қалай болуы керек, тәрбие құралы ретінде ел ішіндегі діни мәселеге байланысты ислам ғалымдарының берген пәтуасы болуы мүмкін деп жорамалдап жатырмыз. Алдағы уақытта осы қолжазбалардың ақиқатын ашамыз деп үміттенеміз», – деді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлауов.

Көне қолжазбалар легі мұнымен біткен емес. Музей қорында сақталған XVIII-XX ғасырларға жататын сирек кездесетін кітаптар да бар. Мәселен өзбек тілінде жазылған Сияр Шәріп кітабы ғалымдар назарында. Жоғалып қайта табылған бұл кітап та зерттеуді қажет етеді.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Сыр бойындағы діни ағартушылардың мұралы жинақталған. Бүгінгі таңда 150-ден астам құнды жәдігер бар. Солардың ішінде әулиелердің мөрлері де сақталған.

Осының ішінде Марал ишанның баласы Қалмұхамбет ишанның мөрі сақталған.

«2022 жылы өзінің туыстарының жеке қорынан тауып, осы мөрді аудартқанымызда Қалмұханбет ибн Марал ишан хижраның 1242 жылы деп жазылғанын анықтадық», – дейді Асхат Сайлауов.

Тарихтан сыр шертер шежіре мен құнды қолжазбалар «Ғасырлар руханияты» көрмесінде сап түзеген. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі» деген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!