Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып бекітілді. Бұл бастама еңбек адамының қоғамдағы орнын айқындап, жастардың кәсіби-техникалық бағыттарға қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Осыған орай Қызылорда қаласының мектеп оқушылары құрылыс индустриясының жетекші кәсіпорындарының бірі – «КСМ KZ-2022» ЖШС темір-бетон зауытына танымдық экскурсия жасады.

Қызылорда оқушылары өндіріс орнында: темір-бетон зауытының жұмысы мен қазіргі қарқыны

Зауытта бүгінде 200-ден астам темірбетон бұйымының түрі шығарылады. Атап айтқанда: көпбөлімді жабын және фундамент тақталары, қабырға блоктары, темірбетон маңдайшалар, дөңгелек шеңберлер, жол жиегіне арналған тастар мен су ағызатын лотоктар бар. Бұл өнімдер аймақтағы тұрғын үй құрылысы, көпір және инженерлік нысандар саласында кеңінен қолданылады.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жыл сайын ұлғайып, техникалық жабдықтары жаңартылып келеді. Қолданыстағы құрылғылардың басым бөлігі Ресейден жеткізілген заманауи үлгідегі техника. Ерлермен қатар технолог, инженер, краншы секілді техникалық мамандықтарда қыз-келіншектер де белсенді еңбек етуде. Бүгінде ұжымның шамамен 30 пайызын нәзік жандылар құрайды.

Қызылорда оқушылары өндіріс орнында: темір-бетон зауытының жұмысы мен қазіргі қарқыны

Өңірдің құрылыс саласына айтарлықтай үлес қосып отырған бұл кәсіпорын бүгінде ішкі нарықты толық қамтып отыр. Алдағы уақытта зауыт өндіріс көлемін арттырып, жаңа технологияларды енгізуді көздеп отыр.

Мұндай экскурсиялар – жастарды нақты өндіріс орнымен таныстырып, еңбекке құрмет пен кәсіби мамандықтарға деген ынтаны арттырудың тиімді құралы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!