Халықаралық жастар күні – өскелең ұрпақтың рухын көтеріп, оларды жаңа белеске жетелейтін ерекше мереке. Жастар – өзгерістердің бастауы һәм болашақтың шамшырағы.
Мереке қарсаңында республика көлемінде арнайы бекітілген онкүндікті қала жастары «QyzylordaUrbanFest» фестивалімен қорытындылады. Бұл жиын аясында ұйымдастырылған іс шаралар жастардың белсенділігі мен спортқа деген қызығушылығын көрсетуге бағытталған. Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың қатысуымен өткен Ғани Мұратбаев ескерткішіне тағзым гүлін қою рәсімі жастардың тарихи тұлғаларға деген құрметін білдірсе, «BookCrossing» акциясы кітап сүйер қауымға ерекше мүмкіндік ұсынды. Сонымен қатар «Шыңды бағындыр» турникке тартылу сайысы, «Силомер» аппараты арқылы күш сынасу, «Қызылорда – жастар қаласы» фоторепортажы және «Streetdance» заманауи би сайысы жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ал кешкілік уақытта өткен «Qosylacustic» жанды дауыстағы ән орындау кеші ерекше сезім сыйлады.
Фестивальдің ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы қала жастарын мерекемен құттықтады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бастамасымен Қызылорда қаласында жастардың игілігі үшін атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға назар аударды. Ол қаланың дамуы мен өркендеуіне бағытталған жобалар мен бастамалардың ел болашағы – жастардың әлеуетін арттыруға, олардың жан-жақты дамуына ықпал ететінін атап өтті.
– Тәуелсіздікті тұғырлы ету, қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлесін қосу, ынтымағын нығайту жолында үлгі болу – жастар болмысына тән жарасымды қасиет. Себебі жалынды жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау жас буынның қасиетті парызы. Қай заманда, қай елде болмасын, жастар асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы болған. Өйткені, жастар – жердің, елдің иесі. Сол себепті сіздерге сеніммен қараймыз! – деді ол.
Сондай-ақ «Самғау» жастар сыйлығы» байқауының жеңімпаздары Нұрқиса Назар, Ғани Тобағабылов, Ернияз Камалбек пен Ақылбек Әзиге 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Аймағымыздағы волонтерлық бастаманың жарқын көрінісі ретінде оқушылардың жеке бастамасымен құрылған «Тазалық патрулінің» мүшелеріне планшеттер берілді. Ал мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыруға, қала жастарына қалтқысыз қызмт етуге қосқан үлесі үшін әріптестеріміз, республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Әлия Тәжібай, «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Гүлфайруз Пірмағамбетова мен «Қоғам ТV» телеарнасының операторы Нұрдәулет Шадымұрат қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Әріптестеріміз бен Сыр жастарын мерекемен құттықтаймыз!
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!