Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанына көктемгі сексеуіл егу жұмыстары басталды. Жердің ылғалы азаймай тұрып, 12 мың гектар жерге көшет егу жоспарланған. Ал күзде тұқым себіледі. Осылайша, тек биылдың өзінде 250 мың гектер жерді жасыл желекпен көмкеру көзделіп отыр. Бұл – Президент тапсырмасы аясында қолға алынған ірі жоба.

Яғни 2025 жылға дейін кенезесі кепкен айдынның құм мен тұз көтерілген табанына 1 млн 100 мың гектар шөлге төзімді өсімдік өсірілу керек. Нұрлан Жақыпбеков, тілші: – Мынадай бір түп сексеуіл өсіп жетілгеннен кейін, 4 тонна құмның көшуіне тосқауыл болады екен. Ал Арал теңізінің құрғаған ұлтаны 4 млн гектардан асатынын ескерсек, одан ұшатын шаң мен тұздың қаншалықты зиян екенін бағамдай беріңіз.

Биыл қызылордалық орманшылар 250 мың гектар жерге осындай сексеуіл егуді жоспарлап отыр. Оның 12 мың гектары ерте көктемнен бастап көшет түрінде егіледі. Бүгінде бұл жұмыстарды Арал және Қазалы ауданының орман шаруашылығы мекемесі іске асырып жатыр.

«Дегенмен алдағы уақытта қосымша күш қажет болады», – дейді мамандар. Ардақ Кәдір, Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:

– 250 мың гектар жер оңай көлем емес. Желден, құмнан сексеуілді көшеттеп отырғызу жұмысы біздің қызметкерлерге, жұмысшыларға оңайға соғып жатқан жоқ. Әрине, Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экологиялық ахуалды жақсартуға қосымша күштердің ешқандай артықшылығы болмайды деп есептеймін. Өңірде сегіз орман шаруашылығы мекемесі бар. Күз айларында теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл тұқымын себу үшін осы мекемелер жұмылдырылмақ. Алайда олардың техникалық базасының қазіргі жағдайы мәз емес екен.

Бауыржан Шаменов, облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің метериалдық техникалық базасы 34% ғана құрайды. Бізде ХТЗ тракторлары, сонымен қатар көшет тасымалдайтын көліктер, патрульдік автокөліктер бар. Көшеттерді отырғызу мен сексеуіл себу үшін агрегаттарды алу мәселесі қаралған. Материалдық-техникалық базаны 3 жылда 70-80% нығайтамыз деп жоспарлап отырмыз.

Айбек Жолаханов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– 2021 жылы 100 мың гектарға, 2022-2025 жыл аралығыда 250 мыңнан астам гектарға мелиорациялық жұмыстар жоспарланған. Орман шаруашылығы мекемелерінің өздерінің уақытша тұқымбақтарында дайындалып жатыр. Сол жерден алынған көшеттер егіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, теңіздің құрғаған ұлтанын жасыл желекке айналдыру жұмыстары 2000 жылдан басталған.

Содан бері құм көшіп жатқан 200 мыңдай гектар алқапқа сексеуіл егілген. Оның көлемі табиғи жетілудің нәтижесінде 400 мың гектарға жетіпті.

Дереккөз: khabar.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!